Әсілінде жалған ақпараттың үш түрі болады. Оның алғашқысы – Алла Тағала жайлы жалған ақпарат тарату. Бұл – жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Ғалымдар бұған бұған Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда бұл жайында: «Аллаға жала жапқаннан немесе шындыққа қарсы болғаннан артық залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе? («Ғанкабут» сүресі, 68-аят), «Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдер ме?» – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, Қиямет күні жайлы ойы қандай? Расында Алла – адамдар үшін кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкірлік қылмайды («Жүніс» сүресі, 59-60 аяттар).
Жалған ақпараттың екінші түрі – Алла елшісі жайлы жалған сөйлеу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы деген секілді түрлі жала жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда ол жайында: «Ол – бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ ол – бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол – әлемдердің Раббысынан түсірілген («Хаққа» сүресі, 41-43 аяттар) делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпаған сөзді оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау да жалаға жатады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» – деген (Бұхари 3461, Ахмад 2/159).
Үшінші түрі – адамдарға жала жабу. Бұған өзге адамның айтпағанын айтты деу, істемеген ісін істеді деп жалған айту жатады. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болу қажет. Өйткені өзгенің кемшілігін айтқан адамға сауап жоқ. Керісінше жалақор адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар. Олар – Аллаға серік қосу, сиқыр, біреуді бекер өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда кері қашу, бейкүнә мүмін әйелге жала жабу», – деген. (Бұхари, Мүслим риуаят еткен).