Фейк, жалған деген сөздердің біздің сөздік қорымызға сыналап енгеніне жиырмадан астам жыл болса да, біз оның табиғатының қалай болатынын әлі түсінген жоқпыз. Осы күнге дейін біз санамызды сілкінтіп, сыни ойлаудың тетіктерін жұмыс істетуге талпынбай келеміз. Мысалды алыстан іздемейік, күні кешегі пандемия кезінде таралған қаншама конспирологиялық теориялардың, өсектердің астында қалдық. Соған төтеп берерлік иммунитет біздің қоғамда жоқ екендігіне көз жетті. Ол ол ма, күні кеше ғана өткен Қаңтар оқиғасы біздің қаншалықты әлсіз екендігімізді танытты.
Фейкті қарапайым оқырман ғана емес, сонымен қатар мыңдаған оқырманы бар ақпарат құралдары да таратады. Әрі ең өкініштісі, олар өз қателерін түсінеді, бірақ оқырман жинау үшін осындай әрекеттерге әдейі барады. Бұл қазір қазақ қоғамындағы трендтердің біріне айналды?
Сонымен фейк дегеніміз не? Сіз алған ақпаратыңызға күмәнмен қарайсыз ба, тексергіңіз келе ме? Жоқ, бәріне бірдей сенесіз бе?
Британдық ВВС корпорациясы фейкке былай анықтама береді:
Фейк немесе жалған ақпарат дегеніміз интернетте таралып жатқан өтіріктер.
Фейктің екі түрі болады:
- Біріншісі жалған ақпараттарды адамдарды сендіру үшін немесе оқырман жинау мақсатында әдейі тарату. Оны таратып отырған адам жалған екенін біледі, бірақ жұртты алдау үшін әдейі жасайды.
- Кей ақпараттың құрамында шындықтың нышаны болуы мүмкін. Алайда, толығымен сенуге болмайтын, өтірік араласқан ақпараттар да болады. Оның да өзіндік себептері бар, журналистер немесе блоггерлер таратқан ақпараттарын алдын ала тексермей, барлығының шын екендігіне көзін жеткізбей тарата беруі мүмкін. Немесе мәселені қоюлатып, жанынан әңгімелер қосып жіберетін жағдайлар да болады.