Аталған норма Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.
«Әкімшілік кодексте жаңа бап енгізілді. Ол онлайн-платформалар құралдары арқылы жалған ақпараттарды тарату бойынша жауапкершілікті көздейді. Бүгінгі таңда өте көп жалған ақпараттар таралып жатқанын білеміз», — деді Игорь Лепеха эфир кезінде.
Сондай-ақ министрдің орынбасары WhatsApp желісі де онлайн-платформаға жататынын айтты.
«Қазір ол үшін жауапкершілік жоқ. Айталық, пандемия кезінде азаматтар көптеген жалған ақпарат таратты. Олардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылған жоқ. Сонымен қатар қазір кибербуллингке қатысты көптеген ақпарат бар. Кибербуллингке қатысты желіде тарап жатқан видеолар өте көп, кейбірінде балаларды әлдебір іске қатысты дәлелсіз айыптап жатады. Кейін ол желіге кеңінен таралады, бұл ауыр зардапқа әкеп соғуы ықтимал. Ойланбай жасалған іс-әрекеттердің залал әкелетінін түсінеміз. Бұған дейін заңнан тыс қалып келді», — дейді вице-министр.
Оның айтуынша, енді жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК-ке дейін (шамамен 73 мың) айыппұл қарастырылады. Егер бір жыл ішінде азамат жалған ақпарат тарату фактісіне қайта жол берсе, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 40 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Материалдарды ішкі істер органдары орындайды, бірақ шешімді сот шығарады.
«Бұл жерде әңгіме алдымен блогерлер мен заңды тұлғалар туралы болып отыр. Барлығын жаппай жауапкершілікке тарту болмайды», — деді И.Лепеха.