Ғаламтордан ізгі ой мен інжу іздеймін деп қадірін қашырып, тіпті соңы қара жәшіктің құлақ кесті құлына айналып жатқандарды жиі кездестіретін болдық. Ең сорақысы, ондағы ақпараттың ағымына еріп шетелдегі қанды қырғынға қатысқандар қаншама. Енді біреулері жалған жарнамаға елітіп темір тордың арғы жағынан шығып жатқаны да жетерлік. Яғни, ақпараттың жалған-растығын ажырата алмағаннан опық жеп отырғандардың қатары азаятын емес.
2016 жылы ғаламтор желілерінде радикалды, экстремистік көзқарастағы бейнематериалдар мен жазбаларды таратқандығы үшін 100 ге жуық азамат бас бостандығынан айырылды.
2017 жылы еліміздің 20 азаматы әлеуметтік желідегі сөздері үшін сотталды. Олардың: 16-сы бас бостандығынан айырылды; 1-еуі
Қазақстанның унитарлығы мен тұтастығын бұзуға шақырғаны үшін 5 жылға түрмеге жабылды; 15 азамат терроризмді насихаттап, теракт жасауға шақырғаны үшін 2 жылдан 9 жылға дейін абақтыға қамалды; 2-уі — әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бойынша бас бостандығы шектелді; 1 азамат билік өкілін балағаттағаны үшін 227 мың теңге айыппұл төледі.
2018 жылдың басынан бері Түркістан облысы бойынша 14 азамат ғаламтор құрбандарына айналып отыр.
Соның ішінде Сайрам ауданы Қарабұлақ аулының тұрғыны 21 жастағы Д. Бердімұратовқа «терроризмді насихаттады» және «діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып бес жылға сотталды. Прокурордың сөзінше, Бердімұратов халықаралық террористік ұйымның көзқарасына жататын материалдарды 2015 жылдың сәуірінде жеке парақшасына жариялаған. Д.Бердімұратов «кінәсін ішінара мойындайтынын, бірақ видеоны парақшасына қашан жариялағанын білмейтінін» және кездейсоқ жүктелген видео екенін айтып, жылап тұрып «бұл ісіне өкінетінін» жеткізді.