Толассыз жөңкілген ақпарат ағыны адамдарды сан алуан сана толқынысына әкеп соғады. Сөздің шыны керек, ел президентінің алаңдайтындай-ақ жөні бар. Себебі жалған ақпараттар легі пандемия кезінде тіпті өршіп кетті. 2020 жылы шілде айының басында әлеуметтік желілерде «Вирусты ұшақ арқылы ауаға шашады екен. Соның салдарынан адамдар қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тарап кетті. Іле-шала Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Әрине, мұның бәрі ақпаратты толық зерттемегеннен, білімсіздіктен орын алып отыр. Сондықтан кезкелген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс.Ал 2018 жылы «Kaspi bank» банкротқа ұшырайды» деген хабарға иланған жүз мыңдаған салымшы депозиттеріндегі ақшаны шешіп алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Банк басшылығы мұның жалған екенін айтып шыр-пыр болды.
Әлеуметтік желілерлерде әншілер арқылы конкурс өткізіп, халықтың ақшасын жинап, қашып кеткен пысықайлар да жалған ақпарат таратудың арқасында қалталарын қалыңдатып алды. Ал оған сеніп, ақша салған қарапайым халық сан соғып қала берді.
Демек, бұдан шығатын қорытынды кез келген жалған ақпараттың артында белгілі бір адамның немесе топтың жеке мүддесі, бас пайдасы жатады. Жалған ақпараттың жолын кесудің бірден-бір жолы – жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының тез арада халықпен кері байланысқа шығуы. Егер ауданда, ауылда елді елең еткізген ақпараттар тарала қалса, жергілікті полиция бөлімі болсын, әкімдік болсын, халыққа дер кезінде хабарлап, ресми ақпарат беріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана жалған ақпараттың жолы кесіледі. Таралған күннің өзінде халық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенеді де, ақпарат таратушының сөзі зая болады. Яғни халыққа ашық әрі анық ақпарат беріп отырған абзал. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы негізде қалыптасса керек.