Амандасқан адамынан «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын қазақ үшін төрт түліктің орны қашан да ерекше. Ішер асын, киер киімін, тұрмыстық қажеттілігінің бәрін малдың арқасында қамтамасыз етіп отырған соң, әрбір қазақ қорасының бос тұрғанын қаламайды.
Бәйдібек ауданында соңғы жылдары қой тұқымын асылдандыру ісі кең қанат жайып келеді. Тоқырау жылдары тұқымы құрып кете жаздаған ұсақ мал бүгінде іскер азаматтардың арқасында қайта көбейе бастады.
Кейіпкеріміз Аманолла Айтаханов 1992 жылдан бері асыл тұқымды қой өсірумен айналысады.
– Әкем Құрманжан 1962 жылдан күні кешеге дейін шопан болды. Ол кісі кеңшардың меринос қойын бақты. Сол кісінің қажырлы еңбегінің, берген тәрбиесінің ықпалымен шаруаға бейім болдық. Тоқырау жылдары кеңшар да, мал да қалмағаны белгілі. Бірақ біз бала кезімізден қанымызға сіңген үйреншікті кәсібімізден қол үзбедік. Әкемізден қалған ақ таяқты қолға алып, бабадан қалған ісімізді жалғастырып кеттік, – дейді Аманолла Айтаханов.
Аманолла 1992 жылдан бастап мал бағады. Алғашында күнкөрістің қамымен басталған тіршілік бірте-бірте ұлғая түскен.
– Бүгінде біз малдың санына емес, сапасына көңіл аударамыз. Қазір қисары қойларды көбейтіп жатырмыз. Алғаш рет қисары қошқарын Сайрам ауданының тұрғыны Себан Ахметов деген жігіттен алып келдім. Ол қошқарды саулыққа салғаныммен таза тұқым ала алмадым. Ол үшін қисарының қошқарымен бірге саулығы да керек екен. Сондықтан 2000 жылы 200 бас ұрғашы қозы алдым. Оған бір жарым жасар қисары қошқарын 1млн. 500 мың теңгеге сатып алып, қостым. Көп өтпей сапалы, таза қанды қисары қозыларын ала бастадым, – дейді ол.
Аманолла бұл қошқарлар 100 келіге дейін таза ет беретінін айтады.
Бүгінде ол жұмысын бірізге түсірген.
– Мал шаруашылығымен айналысатын жігіттер екі-үш жыл бұрын кезекке тұрып, көктемде жаңа туған қозыларды түгел алып кетеді. Төрт-бес айда енесінен ажырап, шілдені өткізген қозылар әрі қарай мал болып кетеді. Биыл әр қозыны 100 мың теңгеден өткіздік, – дейді ол.
Кейіпкеріміз Үкімет тарапынан берілетін көмектің ешбірін алмаған. Қыбырлаған қыр асар дегендей, өз еңбегінің, өз маңдай терінің арқасында бүгінгі жағдайына жетіп отыр.
– Біздің ең басты проблемамыз – жайылым. Айналамыз тегіс егіс болған соң, өрісіміз тар. Одан соң малшы табу қиын. Қырқын мен шөп ору науқанында адам таба алмай жатамыз. Жастарға жан қиналмай табыс жоқ, білектің күшін, маңдайдың терін аямасаң, рахатын өзің көресің дегім келеді. Қол күші болмаған соң, жем-шөпті сатып аламыз. Жаз кезінде қойды балам екеуміз бағамыз. Қыста үш-төрт адамды жақсы жалақымен жұмысқа тартамыз, –дейді кейіпкеріміз.
Аманолла бір қыз, үш баласынан жеті немере сүйіп отыр. «Болашақта осы шаруашылықты жалғастырып кететін ұрпағым бар. Оған да мың шүкір. Қазақ бар жерде мал шаруашылығы жойылмайды» дейді ол сеніммен.
П.Сапар
Сурет: Қ.Шерім.