Түркістандық ақсақал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне ата-бабадан мирас боп келе жатқан тарихи, діни-рухани кітаптар мен жазба ескерткіштер табыс етті.
Күні бүгінге дейін көне сандықта ораулы жатқан мұраларды көздің қарашығындай сақтап келген Лахабаев Тұрмағанбет қария ғасыр көрген жәдігерлер әрі қарай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталғанын жөн санапты.
Әкем 3 жасымда қайтыс болған. Жетпістен асып көз жұмған анам осы дүниелерді аманаттап кетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниені күтіп-сақтағанымыз болмаса, ішіндегі жазулардың мәні, тарихи құндылығына мән бермеппіз. Ғасырлар көрген мұраларды мәңгілікке сақтау үшін музейге тапсыруды ұйғардық,- дейді Тұрмағанбет қария.
Осы орайда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев 81 жастағы Тұрмағанбет Адамбекұлының тарихи құндылықтарға жауапкершілікпен қарап, музейге тапсыруға ниет еткен бастамасына алғыс айтып, музей қызметкерлері кітаптарды әрі қарай кәсіби тұрғыда сақтайтынына уәде етті.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қорық-музейдің қызметкері Толқын Жолдасов музей қорына аманаттаған еңбектерді аударып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Көлемі кіші кітаптың сақталу жағдайы нашар. Кітаптың алғашқы беттері мен соңғы беттері жоғалған. Осыған орай кітаптың басылған жылын анықтау мүмкін болмады. Кітап мұқабасы да өзге кітаптан қырқылып жасалған. Сақталып қалған бөлігінің ішкі мазмұнына жасалған алғашқы шолу жұмыстарының нәтижесінде түрки жазбасымен Адам алейхиссалам мен шайтан арасындағы оқиғалар баяндалғаны, кітаптың ішіндегі жекелеген әріптер мен сандардың қолданылуынан адамға жабысқан түрлі тәни жәни рухани аурулардың ем жолдары мен әдістері жазылғандығы байқалады.
Кітаптың сақталып қалған бөлігінің өзі бірнеше тараудан тұрады. Болашақта атқарылатын зерттеу жұмыстары кітаптың ішкі мазмұнын толық анықтауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ал, 1878 жылы Санкт Петербургте басылып шыққан газетке келер болсақ, жәдігер қатты зақымдалып, ұсақ бөліктерге бөлініп кеткен. Бөліктерде діни нысанның (мешіт немесе кесене) жекелеген бөліктері мен араб тіліндегі сөздердің бөліктері байқалады. Бұл жәдігердің мазмұнын анықтау үшін, толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет,- дейді Толқын Жолдасов.
Аудармашы мамандардың айтуынша, тағы бір кітапта пайғамбарлар оқиғалары, әртүрлі дертпен ауырған адамдарға шипа болатын дұғалар берілген. Аллаһ, Мұхаммед (с.а.у) және 4 сахаба (Хз Әбубәкір, Омар, Осман, Әли) есімдері және пайғамбарымыздың немерелері Хасан, Хусейін есімдері берілген. Сақталуы нашар. Рухани орталықтар мен тарихи орындар жайлы ескі сызба-картаның да сақталуы нашар болғандықтан толық ұғыну мүмкін болмады. Жазба және баспа еңбектері қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді.
Айта кетейік, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің айрықша маңызы бар. Расында біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Ескі ескерткіштер, киелі кесенелер, қасиетті қоныстар – өркениеттің өлшемі һәм куәсі.
«Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», – деп Мағжан ақын жырлаған Түркістан табиғатының сыры да сыйы да мол. Түркістан қаласын түркі халықтары екінші Мекке санайды. Түркістан облысы болып құрылған оңтүстік өңірде тарихи-мәдени мұралар өте көп. Тарихы тереңге жайылған мекеннің туристерді тартатын тұмса табиғаты мен көпшілікті қызықтыратын ескерткіштері жетерлік.
Ел үшін ерекше маңызы бар ескерткіш¬теріміз бен құнды жәдігерлерімізді келер ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, әрі заман талабына сай жаңғырта отырып ама¬наттау әрбіріміздің азаматтық – пары¬зымыз. Түркістан қаласы осындай мәдени ескерткіштерге бай екендігімен де ерекшеленеді.
Өңірде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны –1249-ды құрайды.
Екі дүниенің есігі атанған Түркістан қаласының ең басты құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі. Оны әлемнің сегізінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген. Осынау баға жетпес байлығының арқасында бүгінгі күні Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы. Сондықтан да киелі мекен бұдан өзге де республикалық маңызы бар сәулеттік археологиялық ғимараттарға бай. Өңірде 19 сәулеттік, 7 археологиялық ғимарат бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бары – 426. Сонымен қатар, 796 тарихи-мәдени мұра объектілері бар.
Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Бүгінде облыс көлемінде 678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 387 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 3 кәсіби театр, 7 саябақ, облыстық филармония, көркемсурет галереясы, «Оңтүстікфильм» мекемесі, «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты театр, кітапхана, музей, цирк сынды 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласына берілген. Облыс бойынша халықты ұлттық өнерімізбен сусындату мақсатында әртүрлі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әрі аталмыш шаралар аясында әлемдік мәдениет туындылары да көрерменге ұсынылады.
Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мемлекеттік реттеу мәселелері Қазақстан Республикасындағы басымдық берілген міндеттердің бірі екені анық. Материалдық мұра объектілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтамасыз ету мемлекеттің өзіндік мәдени-ұлттық ерекшелігін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайында қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археологиялық, сәулеттік және мәдени ескерткіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандықтан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отырған күрделі экологиялық, антропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағдайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәдени ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағдайда тұрған ескерткіштерді анықтау және зерттеу арнайы археологиялық зерттеу әдістерін қолдануды, әртүрлі ғылым мен білім жүйелерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Барлау-іздестіру жұмыстарына нанотехнологиялық және инновациялық әдістер қолдану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты болмақ.
Атап өтілген басым бағыттар отандық археология саласында іздестіру жұмыстарын одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Біздің мақсатымыз – археологиялық білім саласындағы ұйымдастыру-қоғамдық проблемаларды көрсету және ғылыми-зерттеу және генезисті, эволюцияны, сондай-ақ ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі ескерткіштердің функционалдық маңызын зерттеудегі басқару органдарының әлеуметтік маңызды қызметтерінің нақты жолдарын ұсыну.
Менің ойымша, осы орайда, мұндай мәселелерді қою мен шешуде басқарушылық құрылымдардың рөлі мен орнын анықтау өзекті әрі айқын болып отыр. Өйткені, мемлекеттік биліктің ынталы органдарының (тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғаудың республикалық, облыстық, аймақтық органдары, облыстық өлкетану мұражайлары және басқа ұйымдардың) қатысуынсыз бұл мәселелерді шешу мүмкін емес. Барлық осы мемлекеттік мекемелер және биліктің жергілікті органдары (облыстық, аудандық, ауылдық әкімдіктер) кәсіби археологтармен тығыз байланыста қызмет жасауға, ұйымдастыру жұмыстары барысында оларға көмектесуге, археологиялық ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге міндетті. Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгілеуде жергілікті билік органдарының және тарихи-мәдени мекемелердің рөлі айрықша. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – мәдени және тарихи құндылыққа ие объектілерді сақтауға және қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені.