Биыл Түркістан облысының құрылғанына бес жыл. Түркістан – күллі түркі xалықтары тариxынан сыр шертетін киелі мекен, ұлтымыздың бойтұмары, рухани ордасы, түркі дүниесінің мәдени астанасы. Сондықтан бұл қуаныш тағылымды тариxтың қадірін парақтаған әрбір жан үшін ұлы той. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы байланысып жатыр. Бағзыда Әбу-Насыр Әл-Фарабилерден бері Қожа Ахмет Ясауилермен сабақтасқан құтты мекен еліміздің мәдени айнасы саналады. Кейінгі хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен бектеріміз мекен етіп, туын тігіп, ел тағдыры үшін аса маңызды шешім қабылданған бұл даланың әр төбесі бір тарих. Қазақ xандығының астанасы болған бұл қаланың мәдени мұрасы, тариxи деректері, руxани әлемі, көз тартар сәулет құрылысы xақында айтқанда тыңдаған жан таңданбай қоймайды. Қала туралы әрбір дерек ғажайып аңыз әлеміне сапар шеккендей күй кештіріп, тылсым дүниеге жетелейді. Құлақпен естіген адам көзбен көруге құмартары анық. Тіпті, атақты Ұлы Жібек жолының соңы көрінбес керуендері аялдап, осы қалада сауда-саттық жасаған. Бұл дегеніміз шаһардың өз дәуіріндегі өркениет көшін бастағандығын дәлелдей түспек.
«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан өңіріне жасаған сапарында айтқан сөзі. Екінші тынысы ашылып, жаңа заманға сай қайта түрленген Түркістан өңірі ілгерілеу мен жаңарудың үлгісіне айналып отыр. Қазір мұнда тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионнан аса турист келген. Кейінгі бес жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, Түркістан облысында экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі биылғы 8 айда 534 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 млрд теңгеге өскен. Өңірдің өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 12 млрд 700 млн теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылды. Облыс үшін маңызды ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін, 5 класты мотор майы мен мұнай өнімдерін өндіретін және фосфорит өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл жұмыстар мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асырылып, облыс жаңа кейіпке еніп, қарқынды дамып келеді. Осыдан бес жыл бұрын, яғни, 2018 жылы облыс орталығы болғанға дейін қала халқының саны – 165 мың 400 тұрғын болса, биылғы есеп бойынша қала тұрғындарының саны – 221 мың 471 адамға жетті. Сонымен қатар, шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуал жақсарып, халықтың өмір сүру деңгейі де жолға қойылды.
Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс. Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек. Осы орайда белгілі журналист, қарымды қаламгер Бекжігіт Сердәлі өзінің әлеуметтік парақшасында қоғам болып қаланың сәніне сән, сәулетіне сәулет қосу керек екенін алға тартады. Мұнысы желі қолданушыларын қызықтырып, қызу талқыға түсті.
«Осыдан бес жыл бұрын Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген кезде қала түбірімен өзгерсе екен, түрленсе екен, сәулеттік келбеті жаңарса екен деген көкейде жүрген бірқатар ойларымызды алқалы ортада айтқанбыз. Әрине, оған біраз уақыт керек болды. Бәрі бір сәтте бола салуы мүмкін емес қой деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Астананың өзіне де қазіргі келбетіне келу үшін 26 жыл уақыт кеткен жоқ па? Сол тұста біздікі бос қиял болып көрінген шығар, дегенмен қаланың келешегін көз алдыңа әкелер мынадай ойларды айтқан едік. Қайсыбір сәулетті қала да шаһар ішін қуалай ағар өзенімен сұлу. Мәскеуде – Волга, Парижде – Сена, Астанада – Есіл, Алматыда – Есентай, Римде – Тибр, Вашингтонда – Потомак, Стамбулда – Босфор бұғазы… Мұндай өзендер бір жағынан қалаға көрік берсе, екінші жағынан көгерісін ұлғайтады, жағалауы туризм кластерін дамытуға мүмкіндік ашып, шаһарға салқын ауа әкеледі. Мәселен, Сырдария өзені Түркістаннан 50 шақырымға жетпейтін қашықтықтан ағып өтеді. Еңдетіп терең канал қазу арқылы арнасын қалаға қарай иіп әкеліп, шаһар ішімен бір жылғалатып барып, қайта Сырға құйса керемет болар еді. Жел тұрса ақтүтек шаңның борауы Түркiстанда қалыпты әдетке айналған. Аңызақ жел азын-аулақ есiк алдында өсiп тұрған өсiмдiктi, тізіп еккен тал-дарақты қуратып жiбередi. Мұнымен күресудiң бiрден-бiр жолы – қаланы абаттандыру. Жақсылап ойланса, қалада осы сияқты көлікке де, жаяу жүргіншіге де ыңғайлы басқа демалыс аймақтарын тауып алуға болады. Оны бізден гөрі қаланың байырғы тұрғындары жақсы білсе керек. Қазір барлық нәрседен адамның құндылығы қымбат. Сондықтан адамға да бір мезгіл жағдай жасап қойған артықтық етпес» – деп ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, сарапшылар да Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының 4 бағытын айқындауды ұсынып отыр. Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет. Үшіншіден, бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындауымыз қажет. Заманауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен түскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жүзеге асыру тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек Жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізінде ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру жоспарда бар.
А. ӘЛІБЕК.