Туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.
Қазақстан туризмі дамып, қарқын алып келе жатыр. Туристік саланың дамуы бір табиғаттың әдемілігімен ғана емес, туристік бағытты дамытуға арналған құндылықтарымен де ерекшеленеді. «Туризм» – француз тілінде – серуендеу, жол жүру, яғни адамның бос уақытында мәжбүрлеумен емес, өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін тәуекел жасауы. Жақын жерге баруды – серуен десек, ұзақ, алыс жерге бару – саяхаттау деп аталады. «Туризм» сөзінің алғашқы анықтамасын профессорлар Хунцикер мен Крапф 1942 жылы ұсынған. Туризм – әлемдік экономикада басты рөлдердің бірін атқарады. Адамдардың өз аумағынан тыс жерлерге орналасуы мен тұрақтануынан туындаған іс-әрекеттер мен құбылыстардың жиынтығы. Егер олардың орналасуы мен тұрақтылығы негізгі, тұрақты немесе уақытша пайдаланылмаған болса.
Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар тұрғызылып, мәдени ошақтар салынды. Қазақстан өзінің бай табиғатымен, сырға толы өзен-көлдерімен, тау-тастарымен, орман-шөлейттерімен талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты басынан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар, шежірелі тарих болып қалмақ.
1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жетерлік. Сондықтан Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан қаласы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.
Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.
Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де, киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.