Қазақ әдебиетінің жазушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қысқа әңгіме жазудың хас шебері Мархабат Байғұттың шығармашылығын насихаттау үшін Түлкібас ауданына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін оқу ордасында «Туған жердің түлегі, теңіздей терең -Мархабат» атты кеш қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып мұғалімдері және кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жоғарғы деңгейде өтті. Іс-шараға қатысқан оқушылар жергілікті жазушы Мархабат Байғұттың шығармашылығына қанығып, әңгімелерін оқыды.
Бала кезінен ойға бейім, кітапқұмар, жазуға жақын болып өскен Мархабат ағамыздың кешіне ҚР білім беру ісінің озық қызметкері, экс-мектеп директоры, Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Сапар Тоғысбаев, ҚР білім беру ісінің үздігі, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, мектеп қабырғасында 10 жыл бірге оқыған сыныптасы Қалаубек Анашев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагер ұстаз Бөрібай Қыдыралиев сондай ақ, мектеп директоры Нұрғиса Қаныбекұлы қатысты. Аталмыш оқу орнының басшысы келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, білім ордасының қазіргі таңдағы атқарып жатқан тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Әдеби кеште жазушының өмір жолы, шығармашылығы туралы баяндалды. Жоғарғы сынып оқушылары қазақ жастарының Тәуелсіздік жолында ұл-қыздардың батырлығын бейнелейтін жазушының «Жоғалған жұрнақ» әңгімесінен сахналық қойылымды көрерменнің жүрегіне жетерліктей жеткізді. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары салауатты өмір салтын ұстануға, табиғатты аялап қорғауға «Алмастың ағашы» әңгімесі бойынша сахналық қойылым көрсетті. Оқушылар жазушының еңбектерін жатқа оқып, арнаулар, өлеңдер оқып, талдады.
Кешке келген қонақтар Мархабат Байғұттың жастарға айтқан ұлағатты сөздерін, шығармаларындағы тәрбиелі ой-пікірлерін жастарға үлгі етті, көп әдебиетшілерге қамқор, қайталанбас тұлға екендігін еске алды. Мархабат Байғұттың шығармашылығына арналған әдеби сазды жиынды мектеп директоры Нұрғиса Қаныбекұлы қорытып, «Мархабат оқуларына» арнайы келген қаламгердің сыныптасына,замандастарына, өзге білім ордаларынан келген оқушыларға өзі басқарып отырған ұжымы атынан ризашылығын жеткізді.