Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, жас ұрпақты тәрбиелі де текті азамат ретінде сақтап қалу өте қиын мәселе болып отырғаны белгілі. Шындығында қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас оқыс оқиғаларға қарап еріксіз болашақты ойлайды екенсің. Осындай ұлттың болашағын, кемел елдің келешегін ойлап «Ел анасы» статусын иеленген, ұлт ардақтысы, тіл жанашыры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында ауданға аяқ басып, ұстаздар қауымымен жүздесті.
Білім саласында көш бастап, талай текті ұрпақтың білімі мен ғылымын жетілдірген Абай мектеп лицейінде өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қ.Еркебаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек, аудандық әжелер алқасының төрайымы Г.Ешенқұлова және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Еркін пікір алмасу үлгісінде өткен дөңгелек үстелде Сәуле Мешітбайқызы өзінің өткір тілімен, ой жүйріктігімен талай мардымды дүниені ортаға салып, оны шешу жолдарын аудандық ұстаздар қауымымен талқылады. Сәуле Мешітбайқызы халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты және «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен экспедициясының биыл «Ел аманаты: «Ауыл – ел бесігі» деген атаумен жалғасын тапқанын айтты.
Сонымен қатар, 30 жылға жуық ұстаздық өміріндегі мол тәжірибемен бөлісіп, ұстаздардың өтініш-тілектерін тыңдады.
— Біз сіз атап көрсеткен олқылықтардың орнын жастармен арнайы кездесулер өткізіп, жол көрсетіп, жөн сілтеу арқылы ғана шеше аламыз. Сол үшін жастарды, оқушыларды құнды кітап оқуға шақырамын. Көп мектеп басшылары қариялардың сөзін елемей, мектеп қабырғасына кіргізбей қойғандарын білемін. Сондай тәртіпсіздікті көрсетпеуіміз керек. Сонымен қатар, «Мархабат Мирас» қорының 13 жыл бойы шығармашылыққа жаны құмар жастарды қанаттандырып келе жатқанын да зор мақтанышпен айта аламын. Сол байқауға да көп мектептер қатыспайды. Осыны жүйелеу керек,-деп өзіндік ойын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек жеткізді. Одан кейінгі ұсынысты А.Байтұрсынов атындағы мектептің директоры Қ.Сатыбалдина алып:
— Психологтардың сағатын көбейтудің қажеті жоқ деген ұсыныс тілектер айтылып жатыр. Бірақ мен бұл ұсынысқа қарсымын. Сайып келгенде, психологтарда сағат та жоқ. Бұрынғы кездері «Әдеп», «Өзін-өзі тану» сынды сабақтарды қолданысқа енгізіп, балалармен жақсы қарым-қатынас орнатушы едік. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Осы дүниенің назарға алынуын сұраймын,- деп ұсынысын жеткізді.
Шара соңында Сәуле Мешітбайқызы аудан халқына, ауданда атқарылып жатқан игі істерге, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген басшыларға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, білім бөлімінің басшысы Е.Қадырбекке өзінің кітаптарын тарту етті.
А.МӘМЕТ