Түркістан облысына келушілер мен саяхатшылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
– Туризм саласы – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Аймақта осы саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қолға алынды. Туристік әлеует жан-жақты зерттелуде. Шет мемлекеттермен автобус, әуе бағыттары ашылып жатыр. Жуырда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм саласы басшыларының отырысы өтті. Сол жиында Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Жұмыстар нәтижесінде биылғы 10 айдың қорытындысымен облысымызға зиярат туризмі бағытында 868 203 адам келді. 2022 жылы 726 545 адам саяхатшы келген болатын. Экологиялық туризм бағытында 123 176 адам келген. Ал былтыр 67,4 мың адам келгенін ескерсек, келушілер саны 2 есе артып отыр. Еліміз ғана емес, Түркі әлемі үшін Түркістан өңірі мен тарихи Түркістан қаласының орны бөлек. Туризм саласындағы жұмыстар жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңірде бұл сала тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі болып, нақты 3 бағытта дамып келеді. Облыс аумағында 1770 тарихи ескерткіш, 220 қонақүй, 72 шипажай жұмыс атқарады. Соңғы 5 жылда өңірде 72 қонақүй, 29 шипажай пайдалануға берілген. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 363 млрд. теңгеден асып отыр. Сондай-ақ инфрақұрылымды жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен 2019-2022 жылдарда жалпы соммасы 26,7 млрд. теңгені құрайтын инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 34,4 млрд. теңгеге инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Жобалардың аяқталуы 2025 жылға дейін жоспарланған.
Түркістан қаласында мәдени-рухани арнайы аумағы құрылды. Аумақта «Ұлы Дала Елі» орталығы, Шығыс моншасы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ, Қабылдау орталығы секілді мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Түркістан қаласында тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет әуежай құрылысы жүргізілді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды, «Керуен сарай» туристік кешені саяхатшыларға қызмет көрсетуде.
Келуші туристер санын арттыру мақсатында биыл Түркістан-Ташкент-Нурафшан бағытында халықаралық автобус рейсі ашылды. Алдағы қаңтар айынан бастап Біріккен Араб Әмірлігіне Түркістан — Абу Даби халықаралық тұрақты әуе рейсі іске қосылады. Облыста туризм саласында жұмыс атқаратын адамдар саны 17 мыңға жетті.