Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында өзінің бағдарламалық арнауында отандық экономиканың драйверлерінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібіне ерекше назар аударды. Бұл жолғы Жолдау экономикалық жаңғырту және қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өнеркәсіптік негізді қалыптастыру кезінде өзіміздің шикізатты, кадрлар мен тауарларды, басқаша айтқанда, өзімізде не бар соны барынша пайдалану маңыздылығын айтты.
Айталық кейбір отандық өндірушілер өзімізде бола тұра шикізатты сырттан алады. Себебі өзімізде қымбатқа түседі немесе басқа да себептері бар. Ол үшін елімізде тиімді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және Қазақстан аумағында өнеркәсіпті оқшаулау үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл тұрғыда қазіргі уақытта негізінен шетелде жүзеге асырылатын табиғи ресурстарды қайта өңдеуді ел аумағында іске асыру перспективалық шешім. Осылайша, Үкіметтің алдында ғылыми-техникалық базасымен шетелдік компанияларды табиғи қазбаларды қайта өңдеуді Қазақстан аумағына көшіруі үшін қолайлы жағдайлар жасау және ынталандыру міндеті тұр. Мұндай формуланың ел экономикасына тиімділігі орасан.
Атап айтқанда, жергілікті халық тұрақты жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына ие болады, шетелдік инвесторлар шикізат логистикасына шығындарды қысқартады, мемлекет үшін салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды, Мемлекет басшысы атап өткендей, олар әлеуметтік саясатқа (жайлы мектептер мен денсаулық сақтау объектілерін салуға) бағытталады. Сонымен бірге, мұнда өңдеу өнеркәсібі үшін шикізаттың жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге назар аудару өте маңызды. Өйткені кәсіпорынның тұрақты жұмысы үшін шикізатты үздіксіз жеткізу қажет. Бұл мәселеде тиімді баға белгілеу маңызды. Өйткені теңгерімсіздік немесе басқа кәсіпорындарға зиян келтіретіндей, кейбіреулер үшін негізсіз жеңілдікті шарттар болмауы керек. Мемлекет басшысы ықтимал шығындарды түсініп, Үкімет жұмысының осы бағытын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Президент макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керек екендігін түсіндірді.
“Мен жаңа ғана экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керек.Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді.Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды.Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды”, деді.
Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді.
Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі.
Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керектігі айтылды.
“Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын. Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын.«Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керек. Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет. Олар экономикамызды іс жүзінде әртараптандыруды қамтамасыз ететін сапалы жобалар ұсынуға тиіс. Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін олар стратегиялық жобаларды қаржыландырған кезде даму институттарының кепілдігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет”, деді.
Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн.Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет.
Экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылады. Сарапшылар Қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік береді. Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек. Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырылып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз ету қажет. Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет.
“Төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау да өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын.Енді тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі”, деді.
Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Сондықтан Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсырды.
Түркістан қаласы, Майшай Әбенова атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Молдабекова Жарқынай