Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы көптің көкейінде жүрген проблемаларды дөп басқандығымен ерекшеленді. Жолдауды қайталап оқығанда түйгенім, бізде сол проблемаларды шешуге қажетті ресурстардың барлығы бар екен. Президент олардың шешілу жолдарын да тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді.
Жолдауда айтылған түйінді проблемалардың бірі – отандық туризм саласы. Президент бұл жөнінде 15 ірі жоба дайындауды тапсырды. Кей елдердің тек туризмнен түскен қаржыға күн көріп отырғанын ескерсек, Қазақстанның да туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Бізде туристік нысанға айналдыруға лайықты орындар да аз емес.
Соңғы жылдары Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғылымының тоқырап қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Президент жаңа кен орындарын тауып, тау-кен өндірісінің ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даланың сырын ұққанға, тілін білгенге берері мол. Бұл ретте сала ғалымдарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінгі таңда жерасты байлықтарымызды шикізат күйінде сатып, оның өңделген түрін шет мемлекеттерден бірнеше есе қымбат бағаға сатып алып отырмыз. Сондықтан өнімді өңдеу және өндіру ісіне түбегейлі бет бұрғанымыз абзал.
Ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде отандық өнімдерге қолдау ісі мемлекеттік деңгейде қадағаланып, жіті бақылауда болатыны көңілге қуаныш ұялатты. Ауылдағы қарапайым шаруаның жанайқайы билік мінберінен қозғалып, Президент назарына ілігуі көп жайды аңғартады. Біле білсек, Президент қозғаған проблемалар қарапайым шаруаға ғана емес, ауыл шаруашалығының дамуына да кедергі келтіріп отыр. Қажетті техникалардың жаңартылуы, соған сай мамандардың сұранысқа ие болуы елдегі жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне де оң ықпал етері сөзсіз.
Егеменді еліміздің іргесі бекем, шекарасы мығым болуы қырағылықты ғана емес, қорғаныс техникаларының заман талабына сай жаңарып, жабдықталуын да талап етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы қорғаныс техникаларын жаңартуға қатысты тапсырма берді. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте қорғаныс саласын заман талабына сай жабдықтаудың маңызы айтпаса да түсінікті.
Халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарта түсуге газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуі үлкен септігін тигізіп отыр. Соңғы жылдары көмір тапшылығы туындап, бағасы аспандап кетті. Сондықтан елді мекендерді түгелдей газбен қамтамасыз ету жұмысы – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.
Қазақ әуел бастан суды ысырап етпей, оны үнемдеп жұмсаған халық. Суға қатысты әртүрлі ырым-тыйымдар, адам сенгісіз аңыз-әңгімелер – соның айғағы. Мұның барлығы көшпенді халықтарда судың киесі бар деп ұғынудан туған. Бүгінде су тапшылығы Орта Азия халықтарының ортақ проблемасына айналды. Суды үнемдеп жұмсауға қатысты насихат жұмыстары отбасыдан бастап, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Президенттің суды шектен тыс жұмсайтындар үшін арнайы тариф енгізу туралы ұсынысы құптарлық.
Қоғамда атом электр стансасын салуға қатысты екіұдай пікір толастамай тұр. Президенттің оны референдум өткізу арқылы анықтауды ұсынғаны оңтайлы шешім болды деп есептеймін. Осылайша АЭС салуға қатысты шешім халықтың таңдауы арқылы жүзеге асырылатын болды. Екі жаңа министрліктің құрылуы да саяси маңызға ие оңды шешімдердің бірі.
Цифрлық сауаттылықты арттыру, сандық технология туралы ұғымдар осы онжылдықтың еншісінде қалып, соңғы жылдары жасанды интеллект ұғымы белсенді қолданыла бастады. Тіпті, жасанды интелектті меңгерген адамның әлеуеті өзгелерге қарағанда әлдеқайда жоғары әрі қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып жүр. Президент Жолдауындағы: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген жолдар біздің ұжымға тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бастап кеттік.
Қазақ – тумысында дарынды, қабілетті әрі зерек халық. Ауыл-аймақтарда, Астанадан алыс моноқалаларда, шағын кенттерде ойы озық, өз дәуірінен оза туған қаншама креативті азаматтар жүр. Олардың бойындағы талантын ұштап, жол көрсетіп, ашқан жаңалықтарын ел игілігіне қолдану – биліктің ғана емес, ел алдында жүрген әрбір беделді азаматтардың парызы деп білемін. Президент бүлдіршіндердің өміріне қауіп төндіріп, денсаулығына зиян тигізетіндердің де қатаң жазаланатынын ескертті. Біз аға буын ретінде жас ұрпаққа үнемі қамқорлық көрсетуіміз керек. Дегенмен, ең үлкен жауапкершілік ата-анада екенін ұмытпайық. Себебі, бала үлгіні ата-анадан алады, солардан көргенін істейді. Президент айтқандай, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады.
Халқымыз «Тәрбие басы – талбесік», «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», «Өнерліге өріс кең» деген сынды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бекер жасамаған. Әрбір отбасы бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, оның дамуына жағдай жасаса, заманына сай тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, өзгелерге сөзімен де, ісімен де үлгі бола білсе, оның мемлекет дамуына үлкен үлес қосқаны. Себебі, бүгінгі бала ертеңгі ел басқарар азамат. Осы орайда ата-аналармен қатар барлық деңгейдегі білім беру мекемелері бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, елге тұтқа болар азаматтар тәрбиелеп шығарса игі. Бұл біздің Отанға еткен еңбегіміздің өлшемі болмақ.
О.АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы,
Тәшенев университеті директорлар кеңесінің төрағасы.