Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел болашағына терең талдау жасай отырып, нақты өзгерістер мен экономикалық даму жолына батыл бетбұрыс жасау керектігін баса айтты. Еліміздегі ішкі-сыртқы сан алуан мәселелерді назардан тыс қалдырмай, бірімен-бірін ұштастыра отырып, оны шешу жолдарын да ұсынды. Әрине, Жолдауда көтерілген мәселелер ауқымды. Дегенмен, соның ең негізгілерін ой талқысынан өткізіп көрейік.
Әлемнің қазіргі геосаяси хал-ахуалы бәрімізді алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы бұл мәселелерге баса назар аудара отырып, қорғаныс саласын күшейту керектігіне тоқталды. «Маңызды мәселе ретінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту керек. Бұл сала ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру керек. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде броньды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн» деді ол.
Жолдауда айтылғандай, мемлекеттің қауіпсіздігі – ел тыныштығы біздің ең басты құндылығымыз. Еліміздің қорғаныс саласына жіті көңіл бөлініп, әскерімізді жоғары технологиямен жабдықтау бүгінгі күн талабы. Бұл жолда өндіріс орындарын демеп, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетуіміз керек.
Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін
70 пайызға жеткізуге, халықты өнім өңдеуге ынталандыруға, салық саясатын қайта қарау қажеттігіне де тоқталды. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасай отырып, дақыл түрлерін көбейтуді, сондай-ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар егуді, суды көп қажет етпейтін дақыл түрлерін көбірек егуді тапсырды. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз етіп, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн екендігіне тоқталды. Халық көп тұтынатын ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық беруді тапсырды. Ел Президентінің бұл тапсырмасы шындығында ауыл-аймақты өркендетуге, шағын шаруашылықтарды қолдауға және дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылуына таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Бұл – ең бірінші кезекте ел тұрмысын жақсартуға ұтымды қадам. Жұрт болып жұмыла кіріссек, ішкі және сыртқы өнімді тепе-теңдікте ұстап, Еуразия аймағындағы ең ірі аграрлы мемлекетке айналатынымызға сенім мол.
Сонымен қатар, халықтың көкейінде жүрген АЭС салу мәселесі де осы Жолдауда айтылды. «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда, көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шынында, бұл мәселеде оның пайдасы мен зиянын жан-жақты саралап, байыппен шешу керек. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, АЭС-тің пайдасы мол болғанымен, зардабы да орасан болуы мүмкін. Ел экономикасын көтеру басты мақсат болғанымен, халықтың жан саулығы мен әл-ауқаты да ұмытылмауға тиіс. Осыны ескерген Мемлекет басшысы өзі айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының салтанат құруының жарқын үлгісін көрсетіп, АЭС мәселесінің шешімін жалпыхалықтық референдумда елдің өз таңдауына қалдыруы құптарлық іс деуге болады.
Бұл Жолдаудағы тағы бір ерекшелік, аудан әкімдерін сайлау және жергілікті бюджетті басқару болып отыр. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлайды. Бұл процестің жүзеге асқанына екі жылдан асты. Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне тағы да азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыруды көздеп, Президентіміз келесі кезекте аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауды өткізуді ұсынды. Бұл – халықтың таңдауы мен сенімін ескеруге деген өте дұрыс шешім болды. Сондай-ақ, енді жаңадан сайланған аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы беріледі. Бұл өз кезегінде сол жердегі проблемаларды жедел шешу үшін қажет. Осы орайда, мен бұл мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Бұрын жергілікті бюджет мемлекет тарапынан тек нақты, жоспарлы мәселелерге арналып берілетін. Ал, ағымдағы жылдың ішінде жоспардан тысқары қандай да бір төтенше жағдайлар туындап қалса, ол жағдайды жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, ретке келтіру заңсыздық болып саналатын. Былайша айтқанда, бір жерде құбыр жарылса немесе шатыр ұшып кетсе, оған жол жөндеуге бөлінген қаражатты жұмсай алмайсың. Өйткені, жоспарда жол тұр, шатыр жоқ. Дәл осы жерде халықтың жергілікті әкімдікке деген түсініспеушілігі мен наразылығы басталады. Ал, енді осындай форс-мажорлы жағдайдың алдын алу үшін елдің ішін ала тайдай шулатпай, мәселені тез арада жедел шешу мақсатында мемлекет аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару тізгінін ұсынып отыр. Әрине, игерілген, жұмсалған қаражаттың нақты есебі де қатаң бақылауда болады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемел-ұлы: «бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек» деді. Бұл да ауылдың тұрмысын өркендетудің бір жолы десек қателеспейміз. Аудандарда бір-бірімен бәсекелес неше түрлі бизнес көздерінің жандануына енді жергілікті биліктің өзі мүдделі болады. Өйткені, бизнестен жиналатын салық жергілікті бюджеттің өзінде қалады. Солайша, әрбір аудан басшылығы мемлекеттен қолдау күтіп отыра бермей, өз проблемаларын өздері шешуге ұмтылады. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы әр аймақтағы жергілікті басқару жүйесінің өте қызу, қарқынды жұмыс істеуіне қамшы болғандай.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жолдауда қамтылған қордалы мәселелер өте көп. Су үнемдеу проблемасы, су қоймаларын жөндеу, логистика, порттар мен теміржолды кеңейту, «ТрансКаспий» жобасы, тауар тасу, т.с.с еліміз үшін аса маңызды жоспарлар бар. Білім саласына қатысты бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» жобасы қолға алынып жатыр. Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту талап етілді. Бұл өте керек шешім еді. Бұл ретте енді білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін күшейту, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру жоспарлы жүзеге асатын болады.
Жалпы, бүгінде ел Президенті көтерген бастамалардың басым көпшілігі біртіндеп жүзеге асуда. Мәселен, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін шаралар – 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Президентіміздің өзі қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады. Ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көштік. Осылайша, Мемлекет басшысы айтқандай, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы елімізде барынша орнығып, беки түсті. Енді Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Жолдауда айтылған әрбір мәселе бізді бей-жай қалдырмайды. Қызу қолдауды қажет етеді, бірлесіп еңбек етуге шақырады. Ал, біз сол жолда аянбай тер төгуге дайынбыз.
Еліміздің жарқын болашағы үшін бірге қадам басып, келешегіміздің кемелденуі мен ұрпақтарымыздың бақытты өмір сүруіне негіз болатын Жолдауды қолдауға
шақырамын.
А.КЕНЕХАН,
Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы.