Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел әлеуетін жақсартуға арнаған көптеген игі бастамалар көтерді.
Еліміздегі саяси және экономикалық реформалар мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділікті жандандыруға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін берді. Ол бастамалар азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуларына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Мақтаарал ауданында да көптеген игі істер қолға алынып, ілкімді істер атқарылуда. 2018 жылы маусым айында тарихи әділеттілік салтанат құрып, ауданымыз қайта қалпына келген сәттен бастап дамудың жарқын жолына түсті. Ауданды басқару тәжірибелі, іскер азамат Бақыт Асановқа сеніп тапсырылды. Бұған дейін ауыл, қала әкімі, көп жылдар бойы аудан әкімінің орынбасары болып қызмет істеп, шыңдалған Б.Асанов жаңа жобаларды қолға алу арқылы өңірді көркейтіп, абаттандыруға күш салды. Қыруар жұмыстардың қолға алынғанын аудан орталығы Мырзакент кентінде атқарылған жұмыстардан-ақ аңғаруға болады. Соңғы төрт-бес жылда кенттің көшелері асфальтталып, аяқжолдар салынып, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Көп жыл бойы қараусыз қалып, тозығы жеткен кенттің орталық алаңы түгелдей жаңарып, абаттанды. Мұнда «Жастар гүлзары» ашылды, субұрқақ іске қосылды. Аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, орталық кітапхана ғимараттары қайта жаңғырып, сәулеттене түсті. ҰОС ардагерлеріне тағзым жасайтын орын ретінде салынған «Мәңгілік алау» ескерткіші де қайта жөнделді. Кенттегі Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтті. Орталық саябақ жаңғырды. Әкімдіктің дербес бөлімдері үшін үш қабатты кеңсе, аудандық прокуратура ғимараттары салынды.
Бүгінгі күні ауданда 12 әлеуметтік нысан құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 5 жалпы орта мектеп, 2 Мәдениет үйі мен кітапхана, Спорт сарайы т.б. құрылыстар бар. Кенттің орталығы заман талабына сай жаңара түсті. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауыз су, газ жүйелерін жаңарту бағытында тиянақты жұмыстар атқарылды. Бүгінде ауданда 69 елді мекен 97,1 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 36 елді мекен «көгілдір отынның» рахатын көріп отыр. Биыл Иіржар ауылдық округінде 9 ауылға табиғи газ кіргізілді.
Ауылды түлету, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қолға алынған игі істер әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз. Әділетті, Жаңа Қазақстанды орнату үшін ұйымдаса еңбек етіп, ауданымызды көркейтіп, дамытуға өз үлесімізді қоса берейік дегім келеді.
Н.ТҰРАШЕВ, еңбек ардагері,
Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.