Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында да бірқатар өзекті мәселелерді орынды көтерді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жақсарту бойынша біршама тапсырмалар берді. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінде мүмкіндік мол екеніне тоқталған Мемлекет басшысы бұл салаға нақты серпіліс керек екенін ескертті. Шын мәнінде де, біздің елде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор.
Жолдауда айтылғандай, тіршілік көзін тиімді пайдаланудың маңызы зор. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өсіп келеді. Бұл – жақсы жаңалық. Біздің міндет – халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Ауыл-аймақтарда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың таза ауыз сумен қамтылуын, табиғи газ тұтынуын, заман талабына сай жақсы жолмен жүруін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде көптеген жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасатын болады. Ол үшін жергілікті әкімдікке мүмкіндіктер жасалады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтқандай, ауыл-елді абаттандыру жұмыстары бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар біздің Жетісай ауданында да атқарылып жатқанын аңғару қиын емес.
Аудан тұрғындарын қажетті мөлшерде сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – жалпы құны 3 млрд. 109 млн. теңгені құрайтын Жетісай қаласының ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары болса, екіншісі – сметалық құны 3 млрд. 526 млн. 563 мың теңгені құрайтын Жаңа ауыл ауылдық округіндегі ауыз су жүйелері. Оның ішінде Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс елді мекендері бар.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 112 елді мекеннің (7 елді мекен шалғайда орналасқан) 105-і толығымен орталықтандырылғын ауыз су құбырымен қамтылған. Халық саны бойынша 99,7%-ды құрайды. Аудан бойынша 81,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайдағы 1197 шақырым ауыз су құбыры болса, 83 ауыз су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш, санитарлық қорғау аймақтары жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ, ауданда абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінде аудан орталығында жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын коллектордың бойында 172 жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік жуу орталықтары орналасқан. Бәрі де сарқынды суларын өздігінен қазып алған арықтар арқылы коллекторға төгеді.
Тұрғындардың денсаулығына алаңдаған аудан басшысы коммуналдық салаға жауапты орынбасары Марат Айнабеков пен сала басшыларына жеке тұрғын үй секторлары мен көлік жуу орындарын орталық кәріз жүйесіне қосуды, арық-атыздардың тазалығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Бұл бағытта арнайы жоспар жасалып, тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Коллекторлардың үсті темір-бетон жабындыларымен жабылып, тазалау жұмыстары да қолға алынды. Алдағы уақытта аудан басшысының тапсырмасымен коллектордың маңы абаттандырылмақ.
Жалпы, атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсаттарды саралап, оның болашағын бағдарлау үшін тиісті тапсырмалардың қаншалықты орындалғанын бағамдау арқылы да білуге болады. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының таяуда Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан да көптеген бағыт-бағдар алуға болатындай. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды жолбасшы ете отырып, ондағы айтылған ұсыныстар мен берілген тапсырмаларды ойдағыдай атқаратын болсақ, біраз белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жететініміз анық.
Б.МАМБЕТОВ,
Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.