Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы көптеген өзекті мәселелерді қамтыды.
1 қыркүйек – Білім күні біз мұғалім болғандықтан, бұл Жолдауды мектепте отырып тыңдадық.
Мемлекет басшысы 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге өскенін, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі беріліп, көптеген азаматтарымыз оның игілігін көргенін айтып өтті. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 400-ге жуық мектеп салынғандығы, 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетіп келе жатқаны, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, жаңа жылдан бастап әрбір баланың есепшотына қаражат түсе бастайтындығын кезең-кезеңімен баяндады.
Жолдаудағы қарапайым халықтың жүрегіне ең жақын болған тұстарының бірі – 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85000 теңгеге көтерілетіні болса керек. Иә, ең төменгі жалақы деңгейі көтерілсе, халықтың тұрмысы жақсара түсері анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы туризм саласын дамытудың тиімді жолдарына дейін айшықтап айтып берді. Жолдаудағы: «Еліміздің туристік әлеуетін пайдалану керек. Туризм саласы серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Кең байтақ жерімізде қаншама керемет табиғи аймақтар бар екендігі белгілі. Сондай аймақтарды дамыту – біздің азаматтық парызымыз» деуі бізге бірқатар міндеттер жүктейді. Расында, біздің аудан аумағында да көптеген тарихи, табиғи ескерткіштер бар. Олардың қай-қайсысы да келушілердің көзайымына айналар еді.
«Еліміздегі ауыл, аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауымыз керек. Ауыл шаруашылығындағы техникалардың басым көпшілігі ескірген. Жыл сайын техникалардың 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Ауыл шаруашылығында заманауи ғылымға сүйену қажет» деген ойлары ауыл шаруаларының көкейіндегісін тап басты деп айта аламын.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу – өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан электр қуатын басқа елден алмауы тиіс. Еліміздегі газ бағасы тұрақтанған. Алдағы жылдары да бұл мәселе өз шешімін табады.
«Елімізде атом электр стансасын салу немесе салмау туралы шешімді республикалық референдум өткізу арқылы анықтайтын боламыз» деді Президент. Әрине, біз мұны Мемлекет басшысының көрегенділігі деп білеміз. Өйткені, ол АЭС салу, салмауды халықтың өзіне салып отыр. Көппен ақылдасып жасаған тірліктің кемшілігі болмайды.
Еліміздегі трансшекаралық су көздерін тиімді пайдалануда көршілес елдермен келісімге келе отырып жүзеге асыратын боламыз. Көлік логистика саласында да бірқатар өзгерістер орын алатын болады. Бұл сала еліміздің экономикасын алға сүйрейтін басты күшке айналады. Транзиттік жол торабында орналасқандығымызды ескерсек, біз көлік логистика саласы бойынша ірі мемлекетке айналуымыз керек.
Кезекті өткір мәселелердің бірі – Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру. Еліміздегі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиелерінің кешірілгенін және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануын айтып өтсек болады.
Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу қажеттілігін де ұмытқан жоқ. Ол отандық өнім өндірушілерді қолдау керектігін тағы да баса айтты. Иә, Жолдауда айтылған мәселелердің бәрі ел игілігі үшін көтеріліп отыр.
Иә, отандастар! Қадіріміз артсын десек, еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, ел болашағы үшін бірлесе тірлік етуіміз керек. Ата-бабамыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекерге айтпаса керек.
Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауын бірауыздан қолдауға шақырамын. Еліміз әлемдегі үздіктердің қатарынан көріне берсін.
Б.ДАРЖАНОВ,
Ә.Бектаев атындағы жалпы орта мектебі география пәнінің мұғалімі.
Қазығұрт ауданы.