Биыл Түркістанның облыс атауын алғанына бес жыл толды. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады.
Өңірде жалпы саны 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 27 мұражай жұмыс істеді. Қорық-мұражайлардағы тарихи және мәдени ескерткіштердің саны 337 бірлікті құрады. Облыстың мұражайларында 23,1 мың экскурсия өткізілді және тыңдаушыларға 1,5 мың дәріс оқылды. Келушілердің жалпы саны 1492,5 мың адамды, одан балалар – 363,1 мың адамды құрады. Негізгі қордағы жәдігерлердің жалпы саны 143,2 мың бірлікті құрады, одан жыл ішінде 20,5 мың бірлік қойылып көрсетілді. Музейлермен өткізілген көрмелер саны 786 бірлікті құрады. Мұражайлардың ең көп саны Түркістан қаласында (7 бірлік) орналасқан.
Сонымен қатар облыста өткен жылдың көрсеткіші бойынша 395 кітапхана жұмыс істеді. Кітапханалардың кітапхана қоры 6050,2 мың экземпляр, электронды каталогтарының көлемі 897,7 мың бірлікті құрайды. Кітапханалардың оқу залдарындағы орындар саны 2,5 мың бірлік құрады. Кітапханаларда пайдаланушылар саны – 430,5 мың адам, соның ішінде интернет-ресурсын пайдаланушылар саны – 9,5 мың адам құрады. Кітапханаларға келушілер саны 3914,3 мың адамды құрады. Келушілердің ең көп саны Түркістан қ. (14,6%) және Сарыағаш (7,3%) ауданы кітапханаларында белгіленді. Сондай-ақ, өткен жылы облыста 3 драмалық театр жұмыс істеді. Театрлармен 338 іс-шаралар, одан 237 – балаларға арналған іс-шаралар қойылды. Көрермендер саны 47,7 мың адам құрады, оның ішінде балалар – 23,3 мың. Есепті жылы театр репертуары бойынша 38 спектакльдер көрсетілді, оның ішінде 9 – жаңа қойылымдар.
Өңірде демалыс орындарының саны күн санап артып келеді. Өткен жылы мәдени-демалыс ұйымдарының саны 252 бірлікті құрады. Мәдени-демалыс ұйымдары 1017,1 мың адамның қатысуымен 9,8 мың мәдени-көпшілік шара өткізді. Cонымен қатар, он-лайн режимде 395 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізді, қатысушылар саны 58,5 мың адам болды. Көрермендер залдарындағы орындар саны 47,6 мың бірлікті құрады. Ал ойын-сауық және демалыс саябағының саны 27 бірлікті құрады. Саябақтарда 49 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Демалыс объектілерінің саны 72 бірлікті, ал демалыс объектілеріне келушілер саны 30 мың адамды құрады. Түркістан қаласының ойын-сауық және демалыс саябақтары ең көп жабдықталған, мұнда 27 демалыс объектілері орналасқан. Былтырғы жылы кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдар саны 6 бірлікті құрады. Кино көрсетулер 3 кинотеатрда жүзеге асырылды. 12,4 мың киносеанс өткізіліп, оған 285,7 мың адам қатысты. Кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдардың табысы 401,9 млн. теңгені құрады.
Мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіледі. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мәдениет басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар бірқатар тапсырмалар жүктелді.
– Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады. Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған.
Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы аясында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысына барып, өңір халқымен кездесу өткізді. Жұмыс сапары барысында министр өз саласы туралы халық алдында есеп берді. «Тарихы мыңжылдықтармен тамырлас көне шаһар – біздің баға жетпес байлығымыз, ең асыл құндылығымыз», — деді министр.
«Өткен жыл еліміздің мәдени өмірі үшін маңызды жыл болды. Тұғырлы тұлғалардың көптеген мерейтойы кеңінен аталып өтті. Сол мәдени іс-шаралар биыл да өз жалғасын табатын болады. Жуық арада жырау Жамбыл атамыз бен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған “Жамбыл. Жаңа Дәуір”, “Соңғы үкім” кинокартиналары жарық көреді», — деді министр. Оның айтуынша, жалпы бұл жыл – үлкен мерейтойларға толы жыл. Атап айтқанда, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, ұлы күйші-композитор, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы және де көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық кең көлемде аталып өтілмек. Сонымен бірге Түркістан өлкесінің тумасы – ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың және күйші Оразбек Сәрсенұлының 100 жылдық мерейтойлары да назардан тыс қалмайды. «Біз биыл қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде айрықша қалдыру мақсатында “Тағылымға толы ғасыр” атты арнаулы жобаны қолға алып отырмыз. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасы дәріптеліп, мерейтойлары кең көлемде насихатталады. Бұл еліміздің мәдени игілігіне зор үлес қосатын ауқымды жоба болады деп сенемін», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.