Жуырда Астана қаласында бокстан жасөспірімдер, жастар және қыздар арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Айтулы додада 23 мемлекеттің өкілдері бақ сынасты. Түркістан облысының 7 спортшысы ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, толағай жетістікке жетті. Жалпы 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль олжалап, ел мерейін үстем етті. Талантты спортшыларымыз туған елге оралды.
Олжа салған өрендерге тоқталсақ, 60 келіде жұдырықтасқан Бахтияр Анарбай барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңістің шыңын бағындырды. Ал 63,5 келіде Төрехан Сабырханға тең келер қарсылас болмады. Ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жақсы ойын өрнегімен көзге түсіп, Азия чемпионатының «үздік боксшы» атанды. Сондай-ақ қыздар да қос алтын медальді ел қоржынына салды. 75 келідегі Шұғыла Нәлібай алтын медальді иеленсе, 57 келідегі тағы бір аруымыз Ұлжан Сәрсенбек чемпион атанды. 46 келіде өнер көнсеткен Айым Танкибаева күміс жүлдені еншілесе, 66 келіде шаршы алаңда бақ сынаған Айсұлу Мұхит қолаға қол созды.
Осындай жарқын жеңістерімен қуантқан спортшыларды Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы мен дос-жарандары және жанкүйерлер құшақ жая қарсы алып, гүл шоқтарын табыстады.