Сайрам ауданының орталығындағы «Ардақты ана» музейі өңіріміздегі еселі еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген аяулы аналардың өрлігін, еңбектегі ерлігін насихаттап келеді. «Анаға алғыс» тақырыбында өткен сырласу сағатында аймаққа еленген Патима Бейсебаеваның жеке заттарынан музей экспозициясынан бұрыш ашылды.
Әңгімемізге арқау болған Патима Бейсебаева 1933 жылы қаңтардың 1-інде Түркістан облысы, Аққұм елді мекені, Момынай колхозында дүниеге келген. Әкесі Бейсебай мен анасы Дәнештің екі ұлдан кейін асыға күткен қызы болып еркелеп өскен. 1950 жылдың тамызында бұрынғы Глаулыкский кеңесінің Сайрам-су колхозына Ысқақовтар әулеті, жаныс еліне тұрмысқа шыққан.
«Еркек — үйдің тынысы, әйел — үйдің ырысы» дейді халқымыз. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, шаңырақтың бар қызық, қуанышы да, базары да бала десе, жұбайы Әуелбек пен Патима ананың алғашқы қуанышы Қадиша есімді қыз дүниеге келіп, нағыз отбасылық қуанышқа бөленді. Содан кейін Қанипа, Анипа есімді қыздар дүниеге келіп, артынан Тоғысбай, Тұрғынбай, Тұрсынбай есімді 3 ұл дүниеге келгенде, «Материнская слава» медалімен марапатталды. 1961 жылы Нұрипа, 1963 жылы Гүлзипа атты қыздары туылғанда II дәрежелі «Материнская слава « медалімен наградталды. Осы медальдың III дәрежелісіне 1965 жылы Азиза қызы туылғанда ие болды. Аяулы жар, асыл ана Патима Бейсебаева 1971 жылы Әлия, 1973 жылы Бағила қыздарын, 1975 жылы Алпысбай атты ұлын дүниеге әкеліп, 1976 жылы «Алтын алқа» иегері атанды.
Бау-бақша егіп, бала тәрбиесімен де айналысқан ардақты ананың дастарханы жыйылмайтын. Оның қолынан әзірленген асқа сүйсінетіндер көп еді. Тіпті, ел есінде қалған апталдай азаматтар Жұмабек Ташенов, Асанбай Асқаров, Әлиев, Кулиевтер де Патима ананың дәмді асын сүйсіне жеп, тазалығына тәнті болған.
Патима ана жұбайы Әуелбекпен бірге Сайрам-Өгем орман шаруашылығында бірнеше жыл талмай еңбек етті. Өнегелі өмірі арқылы көпке үлгі болған Әуелбек ақсақал 2006 жылы тоқсан жасында, Патима ана 2007 жылы жетпіс алты жасында дүниеден озды. Бүгінде екеуінен тараған 51 немере, 142 шөбере, шөпшектері қанат жайды.
П. Ахметова,
«Ардақты ана» музейнің қызметкері.