Ақындық өнер — сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі. Жан шуағыңды ашатын, бар құштарлығыңды басатын әдебиет деген әдемі бір әлем бар. Әдебиет бұл — ізгілік бастауы ғана емес, текті тәрбиенің түп тамыры.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бастамасымен өтіп жатқан «Туған жерім — алтын бесігім» атты мәдени күндерге орай шағалалы Шардара елінде Ұлылар елі атанған Отырар ауданының мәдени күні өткізілді. Мәдени шара аясында «Отырар» кітапханасы шардаралық оқырмандар мен қонақтарға «Көне де жаңа Отырар — қазақ тарихының алтын тұмары» атты кең көлемдегі кітап көрмесін таныстырып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, отырарлық жас ақын Нұрғали Сердалиевпен «Арқау етсем жырыма өмір сырын» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ыстық ықыласына ие болған жас ақын кеш барысында жалпы ақындық өнер туралы сөз қозғап, өзін жетелеген ұстаздары туралы әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, өзінің қаламынан туған жырларын оқып, «Түнгі өлең» атты жыр жинағына шолу жасады. Кеш соңында кейіпкеріміз көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, «Мойылкөз» әнімен кеш шымылдығын жапты.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, бүгінде алдыңғы буын ағалардың ізін басып, «ауылдың азаматы» деуге болатындай жастар өсіп келеді. Міне, солардың бірі — Нұрғали Сердалиевке «өлең өлкесіндегі шабытың шарықтай берсін!» деп ізгі тілегімізді білдіреміз!