Қазақстан Жазушылар одағының және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында қазақстандық фотожурналистика негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85 жылдығына арналған «Ақ пен қара» атты фотокітабының таныстырылымы және мерейтойлық жеке шығармашылық фотокөрмесінің ашылуы өтті.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, журналист, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасы ақын Айдар Сейдәзім, Сайлау Пернебаевтың отбасы және зиялы қауым мен студент жастар қатысты.
Шынайы өмірде «Тосыннан түсіргенде» деген атпен ел есінде қалған фототілшінің олжа салмаған жанры кемде кем еді. «Ақ пен қара» атты бұл кітапта қазақ фотожурналис-тикасын дамытуға елеулі үлес қосқан, бар ғұмырын осы салаға арнаған Сайлау Пернебаевтың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында ел шежіресін фотоөнермен өрнектеген іріктелген туындылары беріліп отыр.
Шараға келушілер алдымен көрмені, содан соң бейнефильмді тамашалады. Әрі қарай басқасуға ұласқан жиында мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пернебаевтар әулетіне арнайы табысталған алғыс хаты оқылды. Шара барысында көпшілік оқырманға арналған кітаптың тұсауы кесілді. Келген қонақтар кезегімен сөз алып, тұлғаның еңбек жолына тоқталды. Аталған туындының болашақ фотожурналистерге берері мол деді. Кештің бір жаңалығы композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов пен мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің бұрын-соңды жарияланбаған фотосы сыйға берілді.
Альбом-кітап «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, таралымы 1000 данамен «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Құрастырушылар: Асылхан Әбдірайымұлы, Айнұр Сайлауқызы. Кітапқа енген суреттер Сайлау Пернебаевтың отбасылық мұрағатынан алынды және фотокітап толықтай отбасылық қаражатымен шығарылды. Осы шара аясында өтетін фотокөрмеге автордың жарты ғасыр бойы түсірген еңбектерінен жалпы саны 70 фото іріктеліп қойылған. Шара соңында сөз алған кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова қонақтарға Түркістан туралы кітапты сыйға тартып, құрмет көрсетті.
Сайлау Пернебаев (1939-2007) «Қазақстан мұғалiмi», «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») республикалық басылымдарында, сонымен қатар 1981 жылдан зейнеткерлiкке шыққанға дейiн «Қазақ әдебиетi» газетiнде фототілші қызметін атқарды. Сайлау Пернебаевтың фотосуреттері Одақтық газет-журналдардың байқауларында 16 рет Бас жүлденi жеңiп алды. Оның әралуан тақырыптарды қамтыған көптеген фотосуреттерi әр жылдары «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Труд», «Литературная газета» газеттерiнде жиі жарияланып тұрды. Сондай-ақ, Францияның, Кубаның, Германияның газет-журналдарында бірнеше рет жарық көрді. Сайлау Пернебаев Қазақстан Журналистер одағының және Республикалық Кәсiподақтар комитетiнiң сыйлығымен бірнеше мәрте марапатталды.