Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында медицина саласындағы өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Жолдауда көп түйткілді мәселенің шешімі айқын көрініс тапқан. Әділетті қоғамның басты белгісі – әділетті тұрғындар. Жаңа Қазақстанның дамуы ең әуелі әр азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.
«Жедел жәрдем» қызметіне адам жаны қысылғанда жүгінеді. Дер кезінде жасалған көмек арқылы талай пенденің тұз-дәмі таусылмай, ғұмырлар жалғанды.
Адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Жөңкіліп жатқан көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, әйтеуір әр жерде, түрлі сипатта, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Міне, сондай сәтте жаныңнан табылатын дәрігер білігіне көп дүние байланысты.
Жауапкершіліктің жүгін арқалаған маман иелері көп жерде алғыстан гөрі айқай шудың үстінен түсіп, тұрғындардың ренішін есітіп жатады.
-Көп адамның түсінігінде жедел жәрдем көлігі қоңырау шала салып, 5 минут өтпей тап сол мекен-жайда тұруы керек деген ойда жүреді. Ол біз бен сіз қаласаңызда болмайтын дүние. Өйткені, әр шақырту 225 бұйрық бойынша өз категориясына бөлінеді.
1-өміріне тікелей қауіп төнген жағдайлар 10 минутқа дейін (ДТП,суға бату, естен тану,тоққа соғылу )
2-Өміріне әлеуетті қауіп төнетін медициналық көмекті қажет ететін жағдай 15 миутқа дейін (жүрек аурулары, қан кетулер)
3-медициналық көмек көрсетусіз денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар 30 минутқа(жеңіл жарақттар )
4- категория бұл созылмалы аурулар 60 минутқа дейін.
Жолдың ұзақтығы бар, жолдағы кедергілер бар дегендей. Бірақ, бізге қоңырау шалған бойда, кезекші топ сақадай сай тұрады. Ол түннің қай уақыты болмасын қатаң тәртіп. Бізге шақырту түскеннен кейін арнайы уақыт береді. 7-15 минут аралығында. Көрсетілген мекен жайдың арақашықтығы карта бойынша есептеледі. Сол аралыққа шамамен уақыт береді. Көрсетілген уақытқа дейін жетіп бару міндетіміз. Қазіргі таңда кешігу, көрсетілген уақытқа үлгермеу сынды олқылықтар жоқ. Тұрғындарға тек сабырлылық қажет. Жанашыр жақыны қиын жағдайда тұрғанда оларды сабырға шақыру да ыңғайсыз. Бірақ, біздің саймен сайға, қырмен қырға ұшып бармайтынымызды да ескере білсе деймін. Кейде жан түршігерлік жол апаттарына да барамыз. Алғаш жұмысқа кіргенде қорқып, әр адамның жылағанын көріп, қиналғанына куә болып, солармен бірге қосылып жылап, жаным қиналатын. Адам бәріне де үйренеді екен. Қазір керісінше, қанша қиын болып тұрса да адамдарды сабырлылыққа шақырып, оларға күш беріп, жанына демеу болуға тырысып бағамыз. Арнайы ауруханаға жеткенше бар қиындықты біз көріп, ағып жатқан қанды тоқтатып, жылап жатқан жанды жұбатып, алғашқы көмекті қолымыздан келгенше көрсетеміз. Науқаспен әрмен қарай жұмысты аурухана дәрігерлері жүргізеді. Біздің міндет көмекті көрсетіп, аурудың немесе қауіптің алдын алып, дәрігердің қабылдауына жеткізу. Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болып жатады. Ауруханаға жетпей үзіліп кетіп жатқандар, перзентхана табалдырығын аттамай көлікте босанып жатқандар, алғашқы көмектен кейін жақсымын деп, тәуір болып қалғандар, ауырып жатырмын деп алдап шақырып, кейін ұятқа қалып жатқандар сынды көптеген адамдарға, жағдаяттарға куә болып жатамыз. Мұның өзі осы мамандықтың, саланың ерекшелігі деп білемін. Түрлі адамды көріп таң қаласың, түрлі өмірді көріп таңданасың һәм шүкіршілігіңді арттырасың. Осындай саланың ыстығына төзіп, суығына тоңып жүргеніме қуанамын. Титтей болсын адамзатқа көмек берудің өзі мол сауап. Адамдар ауырмасын. Балалар анасыз, аналар баласыз жыламасын. Басты тілегім осы, — дейді жедел жәрдем №13 бекетінің фельдшері Роза Баймагамбетова.
Пы:сы: Егер сіз де осы мекеменің көмегіне жүгіне қалсаңыз, мекен жайды толық, дұрыс аудан, ауыл көше атын айту керек, хабарласқан телефон желісі бос болуы керек. Өйткені сіздің хабарласқан көшеңіздің атында басқа ауылдар да бар. Мысалы, Рысқұлов атауымен ауданымызда 17 көше бар, Ахметов атауында 5 көше, Мұхтар Әуезов атауында 6 көше бар.
Олардың да сіз секілді адам екенін ұғынып, ол көліктің де сіздің көлігіңіз жүретін жолмен келетінін назарға алыңыз. Абдырап, саспай, науқас жанға қарайлап, барынша шыдамдылық танытыңыз. Өйткені, ол мамандардың да жауапкершілігі үлкен, жүгі ауыр. Сіздің саулығыңыз- ұлт саулығы.
А.МӘМЕТ.