Созақ ауданының орталығындағы орталық стадионында Созақ ауданының 95 жылдық мерекесіне орай, Түркістан облысына қарасты имамдар мен мешіт қызметкерлері арасында кіші футболдан облыстық турнир өтуде. Достық кездесуге облысқа қарасты аудан, қалалардағы дін сала қызметкерлерінен құралған 14 команда қатысып, өзара бақ сынауда.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ізгі тілегін арнады.
– Бүгінгі қоғамда салуатты өмір салтын ұстану – басты қағидалардың бірі. Дін саласының қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстанып ғана қоймай, оны насихаттау мақсатында футболдан турнир ұйымдастырып отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Елге имандылықпен қатар, спортты насихаттап, жастарға үлгі болған сіздерді көпшілік басқа қырларыңыздан көруде,- деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, Түркістан облысының өкіл имамы Ержан Сматұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов шараға арнайы қатысып, халық арасындағы ауызбіршілік, ынтымақ пен бірлікті сақтауға негіз болған имамдар мен мешіт қызметкерлері арасындағы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кіші футболдан ұйымдастырылған турнирде жеңімпаз атанған командалар арнайы кубок, медальдармен марапатталатын болады. Сайыс барысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншыларға жеке-жеке марапаттар табысталады.