Тәуелсіз елімізге тірек болу, оның шекарасы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету елжанды әрбір азаматтың қастерлі де қасиетті борышы. Елімізде әр жыл сайын күзде және көктемде осындай қасиетті азаматтық борыштарын өтеуге тиісті жастарды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтіп жатады.
Осы мақсатта Отырар аудандық мәдениет сарайында арнайы жиын өтіп, шарада аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов құттықтау сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде: «Отанға деген сүйіспеншілік адалдықтың өлшемі. Халқымызда «Отан мен отбасы егіз ұғым» деген даналық сөз бар. Отанды қорғау міндеті елдің ержүрек азаматтарына жүктелетіні белгілі. Елжанды, патриот азаматтар ғана елге қалтқысыз қызмет етеді. Әскери қызметте абырой тұғырынан көрініп, ата-аналарыңыздың үмітін, ұстаздарыңыздың сенімін ақтауға тілектестігімді білдіремін,- дей келе жас сарбаздарға аудан әкімдігінің Алғыс хатын табыс етті.
Жас ұрпаққа патриоттық бағытта серпін беретін іс-шарада аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, ертеңгі ел тірегі бүгінгі жастарымыздың жігерлі, намысты, қайратты болып өсуі керектігін атап өтсе, «Мұрагер» РҚБ ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Отырар аудандық филиалының өкілі Бақытжан Сүлейменов егемен елдің тыныштығы жолында әскерге барып, азаматтық борышын өтеу абыройлы міндет екенін жеткізді.
Одан әрі шара аясында арнайы дайындалған әскери жаттығу ойындары көпшілік назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары әскери патриоттық әсем әндерді нақышына келтіре шырқады.
Жиын аға буын өкілдері міндетті әскери қызметті өтеуге аттанып бара жатқан жас сарбаздарға сәттілік тілеп, сапарға шығарып салды.