Түркістан облысы үкіметтік емес ұйымдар арасында «Түркістан облысы Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар қауымдастығы ұйымдастырған «Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде» Түлкібас ауданынан қатысқан «Замир» қоғамдық бірлестігінің «Қауымдастыққа негізделген туризм» жобасы қолдау тауып, алдағы уақыттарда Түлкібас ауданы көлемінде туризмді дамытуға бағытталған жобаны жеңіп алған болатын. Жайма шуақ нұрға бөленіп, табиғат – ананың құлпырып тұрған шағында, яғни қыркүйек айының тоғызыншы жұлдызы күні саяхат жасауға сұранып тұрған көрікті ауылдардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қазіргі таңда табыс көзі болып табылатын — туризмді қалай дамыту керек? Оны шешудің жолдары қандай деген сауалдардың аясында қалам тартып, әлеуметтік желілерге үзбей ойларын жазып, талай кездесу, жиындарда айтып жүрген Түркістан, Шымкент қалаларында тұратын белсенді азаматтар мен журналистердің басын қосқан ақпараттық тур деп аталатын жиын «Ақсу Жабағылы табиғи-қорығында тұсауын кесті. Бұл ақпараттық турды «Замир» қоғамдық бірлестігінің президенті Рүстем Бейбітұлы Егенбердиев ұйымдастырды. Қорық ауласында бас қосқан табиғат жанашырлары мұндағы Визит орталығындағы экскурсиядан кейін табиғи қорықтың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Иә, Түлкібас ауданына табаны тиген кез-келген жанның Ақсу Жабағылы қорығына соқпай кетпейтіні жасырын емес. Түлкібастың еш жерде қайталанбас жерұйығы да, жәннаты да осы жер. Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – кең байтақ еліміздегі ең алғаш ашылған қорықтардың бірі. Бір қызығы, қорықты құру бастамасын көтерген ғалым, гидробиолог А. Бродский деген кісі болған көрінеді. Бұл жерге 1920 жылы алғаш рет оның табаны тиген екен. Қорық теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы аймақты алып жатыр. Мұнда жоғалып бара жатқан сирек кездесетін жан-жануарларды, Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді қиналмай табуға болады.
Осылайша қорықтың тарихымен жан-жақты танысқан қонақтар одан әрі қорық маңайына орналасқан туристер демалатын қонақ жай үйлерін аралап көрді. Отыздан астам саяхатшыны бір мезетте қабылдай алатын «Дом Жени и Люды» қонақ жай үйінің қожайыны, зейнеткер Евгений Михайлович Белоусов қонақтарға өзінің алты орындық «хостелін» көрсетіп, мұнда атқаратын басқа да қызметі жайында қысқаша әңгімелеп берді.
Қорық маңайындағы өзге де қонақ жай үйлерінде болып, олардың бағаларын білген табиғат жанашырлары Ақсу Жабағылы қорығының асханасында Түлкібастың дәмі бал үйірер қымызынан, бауырсағынан дәм татып, аудан орталығына қарай бет алды. Ол жақта табиғат жанашырлары Т. Рысқұлов атындағы тарихи- өлке тану мұражайында болып, белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмір жолдарынан сыр шертетін құжаттармен, сонымен қатар аудан өмірін айғақтайтын баға жетпес тарихи суреттермен және мұражай ішіне қойылған түрлі жан-жануарлардың арнайы әдіспен қатырылған бейнелерімен танысты. Мұражайдан алған әсерлерін ортаға салып, ой бөлісті.
Біз сапар барысында осы игі- шараны ұтымды ұйымдастырып, облыс көлемінде тұратын табиғат жанашырларының бастарын қосып отырған “Замир” қоғамдық бірлестігінің президенті Рүстем Бейбітұлы Егенбердиевті әңгімеге тартқан едік.
— Алдымен өзімді жан- жақты түрде таныстырып өтейін. Балықты ауылдық округіне қарасты Шарафкент ауылының тумасымын. Бүгінде осы «Замир» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметінен бөлек Әл — Фараби атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Бала кезімнен табиғат аясында көбірек жүргендікті ұнататындықтан қоршаған ортаны — табиғатты сүйіп өстім. 2011-2018 жылдары “Ақсу Жабағылы” мемлекеттік табиғи қорығында экскурсовод – нұсқаушы, 2017-2019 жылдары «Этнопарк Резорт» кешенінде коммерциялық директор, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы болып еңбек еттім. Өзім осы «Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында жұмыс істегендіктен мұндағы тіршілікті жақсы білемін. Қорықта қандай аң-құстар бар? Оларды қамқорлыққа алуды жолдары қандай? Мақтанғаным емес, бұл мәселелер өзіме жақсы таныс.
Біздің қорықтағы бас қосуымыздың басты мақсаты: жерінің құнарлығымен, табиғатының сұлулығымен, ауасының тазалығымен, суының шипалығымен шет ел туристерінің қызушылығын оятып жүрген Түлкібас өңірінде туризм саласын одан әрі дамыту, жергілікті бюджет қоржынын толтыру, ал қонаққа келгендерге емін-еркін дем алатын, олардың талап-тілектерінен толық шығатын қонақ күтетін үйлердің санын арттыру болып табылады. Бұл мәселе өз шешімін тауып жатса жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да себебін тигізген болар еді. Міне, біздің алға қойып отырған басты бағытымыз да осы…
Таза табиғат аясында өткен ақпаратты турға қатысушылар өздерінің Түлкібас ауданындағы сапарларын табиғаты тамаша, жасыл желек жамылған, тарихы терең, келешегі кемел Шарафкент ауылында жалғастырып, осы елді мекенде жаңадан ашылып жатқан қонақ жай үйлердің барысымен танысып, ат арбамен жүріп ауылды тамашалаудың бүгінгі озық үлгісінің куәгерлері болды.
Олар қоштасар сәтте Түлкібас ауданының көрікті жерлерін көрсетіп, көтеріңкі көңіл – күй сыйлаған «Замир» қоғамдық бірлестігінің президенті Рүстем Бейбітұлы Егенбердиевке өздерінің ризашылық сезімдерін жеткізе кетуді де ұмытқан жоқ…