1 қазан – Қарттар күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Азизхан Исмаилов аудандық мәслихаттың депутаты Марат Нұранмен бірге Сарапхана және Жаңабазар ауыл округтеріне арнайы барып, ғасырдың куәсі болған бірнеше қазыналы қарттардың шаңырағында болды. Сарапхана ауыл округінен 103 жасқа келген Жакипова Минаш апамыз бен 102 жасқа келген Сыпатаев Барат ақсақалды мерейлі мерекемен құттықтаса, Жаңабазар ауыл округінен 103 жасқа толған Аймаханова Алима анамыздың үйіне барып, арнайы Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстап, құрмет көрсетті. Жүзден асқан абыз ата-апаларымыздың өмір жолы жастарға өнеге екенін тілге тиек етіп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қажымас қайрат тіледі.
Сонымен бірге, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қарттар күні мерекесіне орай ауданның аға буын өкілдерін мерейлі мерекелерімен құттықтады:
«Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді қазыналы қариялар!
Текті жұртымыз ежелден-ақ «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді қанына сіңген әдет-ғұрып ретінде қалыптастырып, бала тәрбиесіндегі басты қағидаға айналдырған. Сондықтан болар, елімізде «Қариясы бар елдің – қазыназы бар» немесе «Қарттарым – асыл қазынам» деген сөздер жиі айтылып, қай жерде болсын алдыңғы буын ата-апаларымызға деген құрмет жоғары деңгейде көрсетіліп жатады. Қазақ қоғамында қарт адамдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі және қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген ақылдың кені болған. Осындай қарияларымыз өзара жиналып, кеңес құрып, әрқашан қоғамдағы түйіні шешілмеген түйткілдерді шешіп, ел арасындағы мәселелерді реттеп отырған. Ол дәстүр бүгінге дейін сақталған. Мысалы, бүгінде елімізде ауызы дуалы, абыройы асқақ, қарағайдай қарияларымыздан құралған билер алқасы, «Ардагерлер кеңесі» және «Әжелер алқасы» секілді қоғамдық ұйымдар бар.
1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында 1 – қазан Халықаралық қарттар күні деп белгіленді. Содан бері, қазан айының бірінші жұлдызында әр жылы бұл мереке жер-жерде аталып, қарияларға жоғары дәрежедегі құрмет көрсетіліп, ыстық ықыластар мен жылы лебіздер, жақсы құттықтау тілектер айтылып жатады.
Қазыналы қарттарға деген жан-жақты қолдау, ыстық ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.
Ардақты ағалар мен ақ жаулықты аналар!
Сіздердің бүгінгі жас буын, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен патриотизмді насихаттап, ел арасында ынтымақты, ұлтаралық татулықты сақтап жүргендеріңіз үлкен алғысқа лайық іс.
Осы орайда баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға, жақын туыстарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін.
Қариялар — ол әр шаңырақтың бақ айналып қонар қасиетті тұғыры, берекесімен ұстыны, ақылгөйі мен тілеу қоры. Әрқашан қарияларымыз, ақ жаулықты алтын құрсақ әжелеріміз аман болсын!».
Ізгі тілекпен, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан ИСМАИЛОВ