Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға 2020 жылы арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 17 заң, ондаған акт қабылданса да олар қазіргі заман талабына сай толық жауап бере алмайтынын сынап, Үкіметке мұны жүйелі түрде реттейтін Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған еді. Таяуда Президент аталған құжатқа қол қойды. Елімізде Әлеуметтік кодекс алғаш рет қабылданып отыр. Ол биылғы 1 шілдеден күшіне енеді. Жалпы, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін тұтас қамтыған, 22 тараудан тұратын мұндай құжаттың ерекшелігі неде? Кодекс азаматтарды әлеуметтік қорғау саласына қандай өзгерістер әкеледі? Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова түсінік берген еді.
Жаңа жүйе адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды
«Жалпы, әлеуметтік сала – мемлекеттің даму көрсеткішінің айнасы десек болады. Бұл ретте, әрине, Еуропа елдерінің тәжірибесі мол. Еуроодақ Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін 1964 жылы қабылдаған. Онда әлеуметтік қамсыздандыру саласының негізгі стандарттары белгіленген. Қазақстанның Әлеуметтік кодексін жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілетін алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ, жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі» дейді министр. Шын мәнінде, Әлеуметтік кодекс – Әділетті Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты. Сондықтан оның аясында үлкен бетбұрыстар жасалады.
Ең алдымен мемлекеттік қолдау парадигмасы түбегейлі өзгереді. Енді әлеуметтік қолдау қиын жағдайға тап болған азаматтарға төлем беруге ғана емес, оның алдын алуға бағытталады. Екіншіден, әлеуметтік саланы кеңінен цифрландыру нәтижесінде, әлеуметтік қызмет көрсетудің қазіргі өтініш беру форматынан проактивті форматқа көшеміз. Енді мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік қолдау түрлері азаматтарға SMS-хабарлама арқылы жеткізіліп, оларды тағайындау мен төлеу ақпараттық жүйедегі мәліметтер негізінде жүргізіледі. Яғни жұрт бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды, құжат жинаймын деп он шақты мекеменің есігін тоздырмайды. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздеріне жүктеледі. Бұл міндеттеме жаңа әлеуметтік келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік қамсыздандырудың базалық деңгейін қамтамасыз етеді, ал, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде азаматтардың жоғалған табысын өтеу жұмыс беруші мен қызметкердің міндетті жарналары есебінен жүргізіледі. Мәселен, азаматтар зейнетақыны 3 көзден алатын болады. Базалық және ынтымақты зейнетақы бюджеттен төленеді. Ал, жинақтау жүйесінен алатын зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы қоры қамтамасыз етеді. Төртіншіден, азаматтарды нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту қарастырылады. Яғни еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау деңгейі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда, едәуір жоғары болады. Мысалы, жұмыс істейтін аналар жүктілік бойынша декреттік демалысқа шыққандағы 4 айлық табысын және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі төлемді жалақысының 40%-ы көлемінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алып отырады. Сондай-ақ, осы аралықта оның зейнетақы қорындағы шотына мемлекет тарапынан зейнетақы жарналары аударылады. Ал, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен тек бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақыны алады. Оның мөлшері бала санына байланысты (2023 жылы 19 872 теңгеден 31 705 теңгеге дейін) болады.
Отбасылық цифрлық картасы
Жаңа Кодекстің негізгі бес жаңалығы бар. Соның біріншісі отбасының цифрлық картасы. Отбасының цифрлық картасы дегеніміз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте біріншіден, отбасылық цифрлық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіледі. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады деген сөз. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. SMS-хабарламаны министрлік әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жібереді.
Кодекстің екінші жаңалығы, жаңа парадигмаға сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы іс-шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады. Тамара Қасымқызының айтуынша, мұндай мүмкіндік биыл Отбасының цифрлық картасы арқылы тәжірибеге енгізілген. Сондықтан алдағы уақытта отбасылардың әлеуеті жөніндегі талдау жұмыстары күшейтіліп, мемлекеттік органдар мен отбасылар арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі. Егер отбасы қиын жағдайда болса, онда атаулы әлеуметтік көмек атаулы іс-шарамен бір мезгілде беріледі. Мысалы, отбасына ай сайын атаулы әлеуметтік көмек, ал, отбасының жұмысқа жарамды мүшелеріне оқу, жұмыс, грант және жеңілдетілген несие сияқты мемлекеттік қолдау іс-шаралары көрсетіледі. Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс – атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық кіріс деңгейі арқылы анықталады.
Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық кіріс жалпы, халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы саналады. 2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа кірістен төмен кірісі бар азаматтарға беріледі. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы іс-шаралармен бірге беріліп, отбасылардың тұрмыс қиындығынан шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Мүгедектер ескерусіз қалмайды
Мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақы азаматтың тұрған жеріне және табысына қарамай төленеді. Биыл 1 шілдеден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәрдемақылар мөлшері 14,5%-ға артады. Сонда жыл басындағы 8,5% өсумен қоса есептегенде, бұл төлем мөлшері 23%-ға ұлғаяды. Қазір мүгедектігі бар азаматтардың 43%-ы – ауыл тұрғындары. Оларға жалпы арнаулы қызметтерді жергілікті әкімдіктердің әлеуметтік қызметкерлері көрсетеді, ал, мамандандырылған арнаулы әлеуметтік қызметтер әлі де болса қолжетімсіз болып отыр. Сондықтан Кодексте әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау қарастырылған. Бұл – Кодекстің жоғарыда айтқан үшінші жаңалығы. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін мемлекеттік емес ұйымдар, жеке сектор және отбасы мүшелерін тарту арқылы арттыру.
«Балапан» қанат қағады
Аталған іс-шара 1 шілдеден бастап 5 өңірде қанатқақты режимде, білім беру саласында табысты жүзеге асырылған «Балапан» бағдарламасы тәжірибесіне сүйеніп, жүргізіле бастайды.
Сәбилі отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өткен жөн. Нақтырақ айтсақ:
а) жүктілікке және босануға, сәбидің дүниеге келуіне, бала күтіміне байланысты төлемдер бар;
ә) көп балалы отбасыларға, 6 және одан көп бала дүниеге әкелген аналарға және мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар қарастырылған;
б) тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Сондықтан Әлеуметтік кодексте сәбилі отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды. Бұл жаңа параметрлер отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді көздейді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастайды. Бұл қадам балалар кәмелеттік жасқа толған кезде өмірге жолдама беретін бастапқы капитал іспетті қосымша қолдау болмақ.
Бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биылғы жылы мұндай төлемдер 760 мыңнан аса отбасыға төленеді.
Аз қамтылған отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакет қаржылай, атаулы әлеуметтік көмекке қосымша төленеді.Мұндай қаражат жыл басынан бөлініп, үш айда 115 мыңға жуық бала қамтылды. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы қайта сараланып, 90 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері атанған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 1-шілдеден көтерілмек. Сонымен қатар 200 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшерлері жыл басымен қоса есептегенде 23 пайызға көбейеді.
Сақтандыру жүйесінің көмегі қандай?
Жалпы, елімізде өндірісте және зиянды жұмыста еңбек ететін азаматтарды қосымша әлеуметтік қорғаудың арнайы екі түрлі жүйесі бар. Біріншісі – қызметтік міндеттерін атқару кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі. Ол қолданысқа 2005 жылы енгізілген. Өндірісте жұмыс істейтін азаматтар кәсіби ауруларға шалдығуы мүмкін немесе жарақат алып, еңбек ету қабілетін 5 пайыздан 100 пайызға дейін жоғалтуы мүмкін. Бұл санаттағы азаматтардың денсаулығына зиян келсе, өтемақыны жұмыс беруші, ал, мүгедек болып қалған жағдайда тиісті төлемдерді сақтандыру компаниялары зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төлейді. Екіншісі – зиянды жұмыста істейтін азаматтарға ерте зейнетке шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін кәсіби зейнетақы жүйесі. Осы жүйе бойынша жұмыс берушілер 2014 жылдан бастап 600 мыңға жуық жұмыскерге өз есебінен ай сайын 5% міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударып келеді.
Арнайы төлем енгізіледі
Мемлекет басшысы зиянды жұмыста еңбек ететін азаматтар үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, арнайы төлем енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл бағыттағы халықаралық тәжірибе жан-жақты зерделенді. Көптеген ел зиянды жұмыстарда еңбек етудің шекті мерзімін белгілейді. Сонымен қатар, сақтандыру жарналарын үш бағытқа – профилактикалық, реабилитациялық және компенсаторлық шараларға пайдаланады. Сонымен, еліміздің және шет мемлекеттердің тәжірибелерін саралай отырып, тапсырманы орындау мақсатында мынадай ұсыныстар жасалған:
Бірінші. Жалпы 35 жыл еңбек еткен, оның ішінде зиянды жұмыста 25 жыл өтілі бар және кемінде 7 жыл бойы кәсіби зейнетақы жарналары төленген азаматтарға зейнетақы төлемдерін тағайындау ұсынылады. Бұл зейнетақыны азаматтардың атына түскен 5% міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының есебінен төлеу қарастырылады.
Екінші. Аталған санаттағы азаматтарға 5 пайыз бен 29 пайыз аралығында кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленетін болса, жоғарыда айтылған кәсіби зейнетақыға қосымша арнайы төлем тағайындау ұсынылады. Бұл төлемдердің мөлшері кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі мен табысты көбейту арқылы анықталады.
Бұл төлемдер зейнеткерлік жасына жеткенге дейін төленетін болады. Зейнет жасына жеткен кезде арнайы төлем сомасы мен зейнетақы төлемдерінің айырмашылығы ретінде төлем жалғасатын болады.
Үшінші. Өндіріс жағдайын жақсарту мақсатында профилактикалық шараларды жүзеге асыру ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілердің белгіленген шығындарын өтеу қарастырылып жатыр. Бұл мақсатқа жұмыс берушілердің ай сайын сақтандыру компанияларына төлейтін жарналарының 6 пайызына дейін жұмсау көзделеді.
Төртінші. Кәсіби ауруға шалдыққан немесе өндірістік жарақат алған азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру үшін реабилитациялық шараларды күшейту ұсынылады. Осы мақсатқа жарналардың тағы 6 пайызына дейінгі түсімін жолдау қарастырылмақшы. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде зиянды жұмыста еңбек ететін жұмыскердің әлеуметтік қорғалу деңгейі және олардың жұмыс орындарының жағдайы жақсаруына септігін тигізбек.
Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер
Бұл — Кодекстің төртінші жаңалығы. Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды.
Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді. Осы санаттағы 300 мыңнан астам адам базалық және еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады. Олардың басым көпшілігіне 120 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнет-ақы төленеді.
Екіншісі – бүгінгі буын. Бұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Болашақта осы санатқа кіретін, зейнет жасына әлі жете қоймаған азаматтардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі азаюына байланысты еңбек (ынтымақты) зейнетақы мөлшері төмен болғалы тұр. Бұл айырманың орнын толтыратын Қордағы зейнетақы жинақтары әлі жеткіліксіз. Оның себептері мәлім.
Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады. Кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралды. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ал, жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады. Сондай-ақ, еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70 пайызына дейін ұлғаятын болады. Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнеткерлері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын және толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.
Ал, зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі.
Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша, бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы) алады.
Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі.
Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Сондай-ақ, салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Ал, жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.
Жұмыспен қамту – басты мәселе
Ведомство басшысының айтуынша, Әлеуметтік кодекс жобасында 3 бағыт бойынша жаңа жұмыс тәсілдерін енгізу көзделген. Біріншісі – икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, соның ішінде платформалар арқылы жұмысқа тартуды формальды жұмыс деп тану қарастырылды. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды, ал, тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетуді қарастырады. Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын еңбек шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізу көзделген.
Айта кететін бір жайт, енгізілетін оңтайлы режимдер бүгінгі «тәуелсіз жұмыскерлерден» қосымша тіркелуді қажет етпейді және оларға қосымша қаржылай жүктеме болмайды. Аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына аударып жүрген төлемдік пайыздарының есебінен жүргізіледі. Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бүгінгі таңда дипломның болуы жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі бола алмайтынын мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибе болғанын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отыр. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл негізінен еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек өтілінің міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылып отыр.
Үшіншісі – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары. Бүгінде азаматтардың жұмыс іздеуі, жұмыссыз ретінде тіркелуі, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру үдерістері толық цифрланып, электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады.
Осыған байланысты аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін өңірлік мобильді орталықтар және жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын енгізу қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, Кодексте жаңа көші-қон саясатына да көңіл бөлінген. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Мұнда да бірқатар мәселе шешімін таппақ.
Біріншіден, сұранысқа ие шетелдік кадрларды еңбек нарығына тарту қолға алынады. Экономикада сұранысқа ие технологияларды игерген үздік оқытушыларға, мықты ғалымдарға және бізде тапшы мамандарға оңайлатылған визалар мен ел аумағында 10 жылға дейін тұру құқығын беріп, елімізге тарту ұсынылады. Екіншіден, Қазақстанға 300 мың АҚШ долларынан кем емес инвестиция салған шетел кәсіпкерлеріне «инвестор визасын» беру ұсынылады. Үшіншіден, шетелде тұратын қазақтардың әлеуетін де ел игілігіне пайдалануға маңызды қадам жасалады.
Ол үшін америкалықтардың Грин-картасы сияқты «Атамекен картасын» енгізу ұсынылып отыр. Ол жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өзі тұратын елде табысты бизнес жобалары бар және оны Қазақстанда жүзеге асырғысы келетін шетелдегі қазақтарға беріледі.
Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл ретте қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралады.Мұндағы басты шарт – көшіп келетін азаматтардың жұмысқа орналасуына және баспаналы болуына жағдай жасау. Баспана мәселесін шешу үшін тұрғын үй құнының 50% шығынын өтеу құқығын беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру (жұмыс орны бар екендігін растаған жағдайда) көзделіп отыр.
Төртіншіден, біз шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын да қорғауымыз керек. Ол үшін көптеген азаматымыз барып жұмыс істейтін мемлекеттерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер жасауды ұсынамыз.
Жұмыспен қамту саласындағы бұл өзгерістер Кодекстің 5-ші жаңалығы.
Кодекстің барлық ұсынылған жаңа новеллалары ең алдымен тараптардың өзара жауапкершілігін іске асыруға бағытталған. Мемлекет уақтылы әлеуметтік қолдау көрсетуі, жұмыс беруші өз қызметкерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуын арттыруға қатысуы, азаматтар жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашу арқылы өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін мемлекеттік қолдауды пайдалануға тиіс.
Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру үшін әділ әлеуметтік саясат жүргізілуі керек. Бүгінде қолға алынып отырған Әлеуметтік кодекс осы саясатты табысты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болады деген сенім бар.
Әсия Темірбаева, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.