Ілиясова Қымбат-92 жастағы қарт әжей. 1932 жылы Мақтарал ауданында туылған Қымбат әже 1968 жылы киелі Түлкібас жеріне көшіп келеді. сол кезден бастап ауданымыздың жандануы мен көркеюі жолында біршама тірлік істеп, еңбек етеді. 8 жылға жуық Түлкібас консерві зауытында экспедитор болып, зейнетке шығады. Еңбек демалысына шыққан әжей үйінде қол қусырып бос отыруды қош көрмейді. Сөйтіп, қиынды маталардан құрақ құрап, қонақтың астына төсейтін түрлі көрпешелер мен жастанатын жастықшалар тігуді ермекке айналдырады. Үйінің жабдықтарын өзі тігіп, өзі құрап, көптің ықыласына бөленеді. Келген қонақ тамағына емес апамыздың ісіне тамсанып кететіні айтпаса да белгілі. Бұл дүниеде ерінбей еңбек етіп, қарекет қылғанның таршылық көрмейтіні саналының бәріне аян. Осы ретте жақсы іс көпке үлгі болсын деп ешкімді жалдамай, ешкімге жалданбай сүйікті ісін кәсіп етіп нәсібін тауып жүрген, қолы ұста, сөзі қысқа, тоқыма тоқудың шебері Қымбат Ілиясова әжеміз жайлы материал жазып, оқымандар назарына ұсынғанды жөн санадық.
Жалпы, тоқыма өнері үлкен шыдамдылық пен ептілікті қажет ететін қол өнер түрі. Көздің майын алып, шыдамыңды тауысатын тірлік екенін осы салада жүрген жандар жақсы біледі. Ілмек іліп, қос таяқшалармен жұмыс жасай отырып, жіп түстерінен әдемі композиция құрау- нағыз фантазиясы мықты жандардың қолынан келетін дүние. Әжеміздің осы бағытта жұмыс жасауы- қиялы мен ойының жүйріктігінің дәлелі болса керек. Әжейді әңгімеге тартып, еңбегінің қыр-сырын білу мақсатында қара шаңырағына іздеп бардық. Ауласында бүрмелі әппақ көйлегімен кимешегін киіп отырған әжейдің әдемі келбеті кімді болмасын тамсандыратыны анық еді. Жүзі жып-жылы, жанары нұрлы апамыздың күн ұзаққа ермегі осы. Біз жіптерімен түрлі гүл дестелерін тоқып отырған екен. Күлімдеп қарсы алып, сүйікті ісі жайлы біраз сыр шертті.
-Жұмыс жасаймын деген адамға екі күрек қандай жағдайда болмасын табылатыны сөзсіз. Мен мұны балаларыма да күнде айтып отырамын. «Жұмыссызбын» деу нағыз еріншектердің сөзі деп білемін. Заман дамып, көш ілгерілеп жатқанда өзіңнің несібеңді таласып-тырмысып жүріп, алғанға не жетсін мен бұл салаға зейнетке шыққан соң келдім. Бар ойым үйімді әсемдеп, әдемілеу еді. Қазақта «көз тию» деген ұғым бар. Алғаш рет үйге кірген қонақтың назарын осындай әдемілікке аударту үшін үйіме жасай бастадым. Кейін бірінен-бірі көріп тапсырыс беріп жатқандар қатары көбейді. Одан сайын шабытым ашылып, жұмысқа білек сыбана кірістім. Үйдегі немерелеріме базарға апарып сатыңдар десем намыстанады. Оның несі бар. Үйге келіп сұрап алып жатқандар базарда алмайды деп ойлайсыңдар ма деп ұрсып қоямын. Бос уақытымда осылай гүлдерді, жапырақтарды тоқып жинап қоямын. Қажет кезде дайын гүлдерден әдемі композиция құрай салу көп уақытты алмайды. 8 наурызда бұл заттарға сұраныс екі есе болды. Қалғанын базарға өзім апарып саттым. Ел таласып алды. Сол кезде қолөнерге елдің берер бағасы жоғары болатынына көзім жетті. Сонда бәрі таң қалады маған. Осыншама жасты алқымдап майда жұмысты қалай атқарасыз деп. Апаларың мықты ғой деп күлемін де қоямын. Немерелеріме үйретіп жүрмін. Бос уақыттарында маған көмектеседі. Қазіргі таңда диван жапқыштар, жастықшалар тігіп жүрмін. Қыз жасауы, бесік жабдықтарына да тапсырыс қабылдаймын. Алла күш пен қуатымды арттырып тұрса қай жасқа келсем де жасай беремін. Несібеміз мол болсын,- деді Қымбат әжей тоқымасын тоқып отырып.
Иә, «ел іші өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек. Міне, 92 жасқа шығып тоқыма өнерінің хас шебері атанып, қыз жасауына да тапсырыс алып отырған әжейдің бүгінгі еңбегі барша қазақ қызы мен келіндеріне үлгі боларлықтай. Осыдан кейін «жұмыс жоқ» деп жатудың өзі ыңғайсыз ау. Ой саларлық, ойланарлық дүние деп таныдық.
Аяжан МӘМЕТ.