Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектің 1-індегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік қамсыздандыру, шағын және орта бизнесті қаржыландыру бойынша мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын ұсынды. Осы жүктелген міндетке сәйкес Үкімет жедел іске кірісті. Мұны жергілікті билік те қолдап, жұмыс атқаруға батыл қадам жасады.
Былтырғы жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру жоспарына сәйкес ауданда 5370 азаматты аталған бағдарламаның белсенді іс-шараларымен қамтамасыз ету көзделген еді. Жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтудың шараларына 11666 азамат қатысып, тапсырма көрсеткіші 217 пайыз орындалды. Біз жұмыс орнына орналасуға ілікпеген, нәпақасын маңдай термен таба алмай, тығырыққа тірелген азаматтардың әлеуметтік мәселесін шешу бағытында нендей тірліктер қолға алынғаны туралы баяндап беруді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абзал Қазанғаповқа қойған едік.
— Жоғарыдағы жоба аясында оқу ұйымдарына жұмыссыздарды кәсіптік оқытуға 54 азаматқа және жұмыс берушілердегі онда кәсіптік оқыту үшін 23 азаматқа жергілікті бюджеттен 9754 мың теңге қаржы қарастырылды. Аталған жоспарға сәйкес, 77 азамат кәсіптік оқуға жолданып, бөлінген қаражат толығымен игерілді. Бұған қоса, enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға 150 азаматтың қатысуын қамтамасыз ету міндеті қойылған-тұғын. Жыл қорытындысы бойынша 172 азамат осы шараға қатысты. Жалақының 35 пайызы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына 921 69,0 мың теңге мемлекет қазынасынан нақтыланып, 266 азаматты уақытша жұмыспен қамту көзделді. Бұл бағытта жыл басынан бері 278 азамат жұмыс орындарына жолданып, 92169,0 мың теңге қаржы игерілді.
Сонымен қатар, жастар санатындағы 500 түлекті «Жастар практикасымен» қамтамасыз етуге 543408,0 мың теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, былтыр 933 азамат «Жастар практикасына» жолданып, 543408,0 мың теңге олардың айлық жалақыларына төленді.
Ауылдың көркейіп, ажарлана түсуі — бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсат үшін көріктендіру және көгалдандыру үшін қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыруға аудан бюджетінен 91492,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 32101,0 мың теңге және ұлттық қордан 537299 мың теңге қарастырылып, 1050 азаматты қоғамдық жұмыстарға жіберудің мүмкіндігі туды. Жалпы, 12 айда 1824 азамат қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысты десек қателеспейміз. Ал, облыстық бюджеттен бөлінген 10496,0 мың теңге және ұлттық қордан қарастырылған 34028,0 мың теңге, жалпы 44524,0 мың теңгеге жұмыссыздар санатындағы 30 азаматты алғашқы жұмыс орындарына жолдау міндеттелсе, осы орайда 79 азамат жұмыспен қамтылып, көзделген қаржы толық игерілді.
Жалпы, сайрамдықтар өндірістің қай
саласында болсын, қолға алған тірлікті тындырымдылығымен тәмамдайтыны бұрыннан-ақ белгілі.
Мемлекетіміз ұрпақтар сабақтастығы мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Сөзімізге жарқын дәлел ретінде, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында аудандағы 5 азаматтың тәжірибе жинақтауын, жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге жергілікті бюджеттен 2552,0 мың теңге қаржы игерілді. Назар аударатын мәселе — зейнет жасына 2 жыл қалған жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» жобасы аясында 60 азаматты жұмыспен қамтуға ұлттық қордан 42224,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Бір жылдың көлемінде ауданда 85 азамат жұмысқа орналасты. Бөлінген қаржы толық игерілді.
Кейде бізді тұрақты жұмыспен қамтудың мәселесі әрі-сәрі күй кешіреді. Бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіштердің орындалу деңгейіне тоқталсақ, жыл басынан бері 5737 азамат жұмыспен қамтылды. Тапсырма 191 пайыз орындалды. Былтырғы жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 10 азаматты «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздегі оқыту жоспарланған еді. Сайрамдық 2252 азамат сол оқыту курстарына қатысты. Ал бастапқы бизнес идеяларын іске асыру үшін 224 азаматқа қаржылай қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік бюджеттен 274445,0 мың теңге қаржы қарастырған. Осы мақсат үшін 224 азаматқа бастапқы бизнес идеяларын іске асыруына 274445,0 мың теңге қайтарымсыз грант қаражаты берілді.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларды нәтижелі жұмыспен қамту — бүгінгінің басты мәселесі. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстардың арқасында аталған бағдарламаға жүгінген жастар санатындағы 5247 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларана тартылды. Атап айтқанда, 933 жас түлек жастар практикасына,79-ы алғашқы жұмыс орнына, 92 азамат әлеуметтік жұмыс, 817-сі қоғамдық жұмыс орындарына, 5 азамат «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 1887 адам тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылды. Ал, 13 азамат кәсіптік оқуға жолданып, 1260 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына қатысты, сондай-ақ 161 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Былтыр 5935 отбасына немесе 31450 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек жоспарланып, нәтижеде 3491 обасына немесе 18621 адамға 115723,0 мың теңге қаражат тағайындалды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі берген тапсырмасына сәйкес ауданымызда 1160 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелген. Тапсырмаға сәйкес 2074 жұмыс орны ашылып, жоспар 178 пайыз орындалды. Ал, ұлттық жобалар аясында ауданның аумағында 14 жобаны іске асыру барысында 239 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Жыл қорытындысы бойынша 14 жоба аясында 239 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның арқасында жұмыссыздар санатында 239 азамат жұмыспен қамтылды немесе тапсырма 100 пайыз орындалды. Сонымен қатар, аудандағы осал топтағы тұрғындарды әлеуметтік қорғау шаралары назардан бір сәт тыс қалған емес. Есепті айда мүмкіндігі шектеулі 476 азамат белсенді шараларға тартылды, соның ішінде 20 азамат квота есебінен тұрақты жұмыспен қамтылды.
Биыл аудан бойынша кәсіпкерлікті қамту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы саны 7272 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету жоспарланып, бюджеттен 2746069,0 мың теңге қаржы қарастырылды. Осы мерзім ішінде 3686 азамат жобаға қатысып, жоспар 50,7 пайыз орындалды. Тарқатып айтар болсақ, ауданда 56 азамат кәсіптік оқытуға жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілсе, жұмысшылар жалақысының 35 пайызы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына 145530,0 мың теңге мемлекет қазынасынан бөлінді, 420 азаматты уақытша жұмыспен қамту көзделді.
Ауылдық округтер аумағын көріктендіру, абаттандыру және көгалдандыру, қоғамдық жұмыстар орындарын ұйымдастыруға бюджеттен 828000,0 мың теңге қаралып, 1000 азаматты қоғамдық жұмыстарға жіберу мақсат етілді. Биылғы 3 айдың есебі бойынша 1543 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Жалпы, ауданымызда бастапқы бизнес идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік грантты бөлу, отбасыларын әлеуметтік қолдау, осал топтарға тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын демеу шаралары назардан тыс қалған емес. Соның ішінде, мүгедек жандарға әлеуметтік жұмыс орындарын ашу — өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта жұмыс өз шешімін тауып келеді.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың осы бағыттағы берген тапсырмасы үшін ауданда 649 жұмыс орны ашылды, тапсырма әзірше 30 пайыз орындалды. Мұнымен қоса, ұлттық жобалар аясында аудан аумағында 32 жобаны іске асыру барысында 303 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 30 жұмыс орны ашылып, аудандағы жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Біз бағдарлама бағыты бойынша алға қойған мақсаттардың жүзеге асуына бар күш-қайратымызды жұмсай бермекпіз.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абзал Қазанғаповпен сұхбаттасқан А.БЕРДІҚҰЛ.