«Жасыл» экономикаға көшу қомақты қаражатты талап етеді. Алайда ол болашақ ұрпақтың қамы үшін маңызды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экоамбассадоры Айшуқ Еділ айтты, деп хабарлайды newsroom.kz-ке слітеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, әлемдегі энергия нарығының тұрақсыздығына, қазбалы отынның шектеулі мөлшеріне, экологиялық жағдайдың нашарлауына, электр энергиясының қымбаттауына қарамастан Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ниетті.
«Бұл – энергия нарығындағы бағаның құбылуына қарамастан таусылмайтын құнды ресурс. Еліміз географиялық жағынан қолайлы орналасқан әрі «жасыл» энергияның үлкен әлеуетіне ие. Мысалы, Қазақстанда желдің орташа жылдамдығы секундына 5-6 м/с болатын орындар бар. Бұл жел энергиясын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлерде (солтүстік-оңтүстік) орташа есеппен жылына 2 мыңнан 3 мың сағатқа дейін күн ашық болады. Бұл елдегі электр энергиясына сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті», – дейді Айшуқ Еділ.
Экобелсенді Вьетнамдағы орташа есеппен жылына 2200 сағат күн ашық болатынын, Қытайда – 2500 сағат, Германияда, Ұлыбританияда, Норвегияда және Жапонияда – 1 мың сағаттан аз болатынын атап өтті. Осыған қарамастан олар «жасыл» энергия өндірісі бойынша көшбасшы елдердің қаратында.
«Сондықтан «жасыл» экономикаға көшу, «жасыл» технологияны енгізу қомақты қаражатты талап етеді. Алайда бұл ақша
өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Болашақ ұрпақ экологияны сақтағанымыз үшін әрі таза ауа үшін бізге тек алғыс айтады. Себебі, бүгінде елдегі энергияның 75%-ы көмірден алынады. Бұл ауаның ластануына айтарлықтай ықпал етіп, халықтың денсаулығына зиян келтіреді, сондай-ақ климаттың өзгеруіне әсер етеді», – деді
Көкшетаудағы Bolashaq Saraiy мекемесі ғылым бөлімінің меңгерушісі.
Сондай-ақ Айшуқ Еділ қоқыс өңдеу мәселесіне тоқталды.
«Қазақстанда орташа есеппен жылына 4,5 – 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жиналады. ҚТҚ Астана, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда, сондай-ақ негізінен шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі кәсіпорындарда сұрыпталады және қайта өңделеді. Теориялық тұрғыда елімізде қоқысты өңдеумен айналысу тиімді. Алайда іс жүзінде бұл сала тиісті деңгейде дамымаған», – деді ол.
Оның пікірінше, Астана мен Алматыдағы кейбір компанияларды есепке алмағанда, қоқыс өңдеу саласындағы компаниялар шығынға батып жатыр немесе өндірістің басқа түрінен дотацияланып отыр.
«Қоқыс таситын көліктерді, сұрыптауға немесе өңдеуге арналған құрал-жабдықты сатып алу оңай емес. Қалдықтарды жинау мен шығару тарифінің бағасын көтеріп, халықты қоқысты сұрыптауға үйрету керек деп ойлаймын. Қазақстанда қоқысты өңдеу инфрақұрылымы толық қалыптаспаған. Ол енді дамып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін қоқыс жинау және шығару тарифін қайта қарау керек», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экоамбассадоры.
Сонымен қатар ол қазақстандықтар қоқысты сұрыптап жинауға әлі дайын емес екенін атап өтті. Сондықтан салада инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізу керек.
Экобелсенді «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы туралы айтты. Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, экологиялық жағдайды жақсартуға, қалдықтарды өңдеуге, оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құруға, көлдердегі судың сапасын жақсартуға, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба төрт негізгі бағытты қамтиды:
1. «Таза Қазақстан» бағыты;
2. «Үнемді Қазақстан» бағыты;
3. «Табиғат» бағыты;
4. «Экология болашағы» бағыты.
«Ол 11 міндеттен тұрады. Оның ішінде қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды сақтау, экономиканың энергия сыйымдылығын азайту сынды міндеттер тұр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «жасыл» технология керек. Сондықтан ұлттық жобаны іске асыру «жасыл» технологияны енгізуге және халықтың қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ықпал етеді деп санаймын», – деді Айшуқ Еділ.
Сондай-ақ ол халықтың экологиялық білімі мен мәдениет деңгейін арттыру керек деген пікірде.
«Экологиялық білім бәріміз үшін маңызды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін оның маңызын түсіндіру керек әрі ата-аналар балаларына экологиялық тазалықты сақтауды үйреткені жөн. Сондай-ақ мектепте экологиялық білім беруді күшейту қажет. Университетте табиғатты пайдалану экономикасын оқыту шарт. Экологиялық үйірмелер мен клубтарды қолдауды күшейту керек деп ойлаймын. Өнеркәсіп ұйымдары, бизнес құрылымдар мен кеңселер заманауи технологияға ауысып, маңызды ғылыми әзірлемелерді қолдауы қажет. Экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, табиғатқа ұқыпты қарау арқылы ғана біз өміріміздің сапасы арттырып, болашақ ұрпаққа қамқорлық жасай аламыз. Сондықтан қоқысты сұрыптау, суды, электр қуатын және басқа ресурстарды үнемдеу, жануарлар мен табиғатқа қамқорлықпен қарау маңызды», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экоамбассадоры.