Түркістан облысы, Арыс қаласында 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы салтанатты түрде ашылып, оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қала тұрғындары, мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналары қатысты. Мұнда тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.
– Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай бүгін қаламызда балаларға арналған орталық ашылып отыр. Бұл орталық бүлдіршіндерімізден бөлек, ата-аналарымыз үшін де маңызды әрі өте қажет деп ойлаймын. Қазіргі кезде қала бойынша ауру түріне байланысты мемлекеттік сараптама орталығының қорытындысына сәйкес, 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі 495 бала тіркелген болса, оның 230-ға жуығы өткен жылы қаламызда ашылған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін пайдаланып келеді. Ерекшелігі бар ұл-қыздарымызды емдеп-сауықтыру арқылы біз оларды өз қатарымызға қосып аламыз деп сенемін, – деген қала әкімі қаладағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп, өмір сүру сапасының артуына әкімдікпен бірлесе отырып, жұмыс жүргізіп жатқан орталықтың жетекшілері мен мамандарына алғыс білдірді.
Айта кетейік, балалар орталығын ашып отырған жергілікті жеке кәсіпкер Гүлбахрам Ерімбетова Арыс қаласындағы орталық емханада үздіксіз 45 жыл эпидемилог болып істеп, зейнетке шыққан жан. Оның айтуынша, қазірдің өзінде бұл орталыққа ұл-қызын тәрбиелеп дамыту үшін 31 ата-анадан өтініш түскен. Ал ол «Danis» коррекциялық дамыту орталығын ашу ісін өткен жылдан бері қолға алған. Қазір мұнда 4 тәрбиеші мен оның 2 көмекшісі, 1 психолог, 2 дефектолог, медицина маманы мен аспазшы, күзетші сынды жалпы саны 15 адамды Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмыспен қамтып отыр.
– Орталыққа келетін бала санына қарай, қызметкерлер саны да көбейетін болады, – дейді Гүлбахрам Садықбекқызы.
Жаңа орталықта логопед, дефектолог, психолог, педиатр, емдік дене шынықтыру маманы сияқты арнайы мамандандырылған топ өкілдері қызмет көрсетеді. Бір қызығы мұнда тәрбиеленетін балалардың ойыншықтарына дейін олардың жан-жақты дамуына ыңғайластырылған. Санитарлық талапқа сай салынған ас бөлмесіндегі ас мәзірі мен ауладағы ойын алаңдары, емдік-сауықтыру бағытындағы танымдық, тәрбие сағаттары балалардың физиологиялық тұрғыда өзін-өзі дамытумен қатар, білім алуына да зор мүмкіндіктер береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі