Ордабасы ауданының орталығы Темірланда аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламарар бөлімінің жанынан «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды.
Аталған орталықтың ашылу рәсіміне аудан әкімі Бағлан Батыршаев, аудандық Мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
«Бүгін қазыналы қарттарымыз бен мүгедек азаматтарымызға қолайлы шарт-жағдай жасау мақсатында аудан орталығы – Темірланда «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылып отыр. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылу рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Көп жасап, көңілге түйгені көп қарттарымызға қолайлы жағдай жасау баршамыздың міндетіміз. Сондықтан абыз ақсақалдарымыздың күнделікті демалысына арнап берілген орталықтың есігі әркез ата-әжелерімізге ашық болады. Сондай-ақ, жүріп, тұруы қиын, қоғамның, айналаның көмегіне мұқтаж азаматтарға да «ТЕҢ ҚОҒАМ» қалыптастыру мақсатында аталған орталық қызмет көрсетеді деп сенемін. Ендеше, жаңа ғимараттың ішінде тек қуанышты күндер мен жақсылығы мол сәттер көп болсын!», деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Мекеме құрамындағы «Тең қоғам» және «Ардагерлер орталығы» орталығы ауданымызда есепте тұратын 5478 мүгедектігі бар азаматтармен 10 844 асатын зейнеткерлерімізге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетумен айналысады.
Қарттармен, мүгедек азаматтардың игілігі үшін пайдалануға берілген орталық жұмысымен танысқан аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы заман талабына сай жабдықталған ғимараттың аудан тұрғындарына қолайлы шарт-жағдай жасайтындығын айтып өтті.
Аудан әкімінің айтуынша мекемеде мүгедектерді тасымалдау үшін инватакси қызметі іске қосылған. Мұнан бөлек, аудандық орталық ауруханамен бірлесе отырып, орталық қызметіне жүгінген азаматтарға түрлі медициналық көмек көрсетілмек.
«Тең қоғам» орталығында жартылай стационарлық жағдайдағы психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедектер мен 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында екі аусым бойынша қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық емес сауықтыру шаралары, психологиялық көмек көрсету арқылы тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдейді.
Сондай-ақ, аталған орталық 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес есту аппараттары, қол арба, жөргектер мен төсеніштер және тағы басқа 55 техникалық оңалту құралдарын алуға, таңдауға көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуын, құжаттарын рәсімдеуге және құқықтық, психологиялық көмектер ұсынады.
Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықпен байқалады. Ал, «Ардагерлер орталығында» егде жастағы зейнеткерлер мен аға буын адамдардың өмір салтын жақсартып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулығын нығайту мақсатында белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Әр 15 күн сайын екі аусымда 20 адамнан айына 40 азаматқа әлеуметтік және медициналық сауықтыру қызметтері көрсетіледі.
Жұмыс барысында орталыққа келуші азаматтарға әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі ассисентер мен невролг, медбикенің бақылауында болады. Жоспарға сәйкес күнделікті массажбен ем қабылдайды.
Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік психологиялық қызметтер көрсетеді.
Айта кетерлігі, орталықта биллиярд, теннис столы, түрлі тренажерлар, кітап оқу алаңы, шахмат, дойбы ойындарымен жабдықталып, жан саулығына бірден бір ем болатын тұзды шахта (солевая шахта) іске қосылған.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі