«Ауыл көлемінде үй шаруашылығы секторында калифорниялық қызыл шылаушан өсірумен 4 адам айналысуда. Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлік саласында инвестициялық құны 20 млн. теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылуы күтілуде».
Бұл туралы Жеңіс ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі Бағлан Батыршаев осылай деп мәлімдеді.
Коммуналдық сала бойынша да ауылда бірқатар жол бөліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, тұрғындардың талабы бойынша Жеңіс елді мекені К.Омаров, Бигелдинов көшелеріне орташа жөндеуге, ауылдың ішкі көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілмек. Ал, Жеңіс елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен кент ішіндегі газ құбырын салу нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға ұсынылуда. Нысанның қаржысы бөлінген жағдайда Жеңіс елді мекені мен Бөген ауыл округі табиғи газбен қамтылатын болады.
Ауылда 2020 жылы жаңа ауыз су ұңғымасы қазылып, тұрғындарға тұрақты сапалы ауыз су берілуде.
2022 жылы Жеңіс елді мекенінің ауыз су жүйесін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Биыл Жеңіс ауыл округінен жалпы алаңы 438 гектар жайылымдық жерді аудандық қорға қайтарып, ортақ жайылымға бекітіп беру мақсатында арнаулы Қаулы қабылданып, мемлекет мұқтажы үшін алу мақсатында жұмыстар қолға алынуда.
Ауылда осы жылдың 6 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 38 адам қатысып, жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, осы жылы ауылдағы 21 отбасыға 4 млн. 332 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 1-6 жасқа дейінгі 35 балаға 783 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілді.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі