Уақыт көшімен, жылдар ағысымен Ұлы Отан соғысына қатысып, фашизмге қарсы күрескен ардагерлеріміздің қатары азайып барады.
Бүгінде сол сұм соғыстың куәгері 98 жастағы Қалмен Мұратұлы атамыз Бадам ауылдық округінде тұрады.
1924 жылы 20 ақпан айында Ордабасы ауданы Бөржар ауыл округі Таздар ауылында дүниеге келген ол 1942 жылы 1 тамызда «Бірлік» орталау мектебінің 7 сынып оқып жүргенінде, яғни 18 жасында әскерге кеткен.
Аягөзде командирлік курсты үш ай оқып, кіші сержанттық шен алған.
1942 жылы Колинин облысына апарып, Москвадан ары Белорусь фронтына соғысқа жіберген.
Батыр атамыз артилериясыз жаяу әскер (пехота) сапында Ржов-Великие Луки және басқада көптеген қалаларды неміс басқыншыларын азат етуге қатысқан.
1944 жылы ақпанда Витебск қаласында жау қорғанысын бұзу үшін болған шайқаста сол қолына оқ және граната жарықшақтары тиіп, бір оқ білезік буынына, екінші оқ саусаққа зақым келтіріп, екі жерінен жараланған. Сол сәтте екінші саусағынан айырылған.
Джерзинский қаласында Эвакуационный госпитальда 08.03.1944-13.05.1944 жж. аралығында жатып, «Сквозного пулевого ранения левого предплечия с повреждением лучевой кости» диагнозы қойылған.
Содан дәрігерлер комиссияның № 336 шешімімен І топтағы мүгедек деп танылған.
Соғыс аяқталып 1947 жылы Бөржар ауыл округіне қарасты Сталин колхозында бригадир болып табжылмай қызмет етті.
1973 жылдан бастап теміржолда ұзақ жыл еңбек етіп «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Оныншы бес жылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанған.
«Құрмет белгісі», 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945-ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Астанаға 10 жыл» және көптеген мерекелік медалі бар.
Отбасында 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан өрбіген ұл-қыздан 31 немере, 34 шөбере сүйген.