Келес ауданында аймақ басшысы Жәнібек Ағыбаев көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік төсбелгілермен марапаттады. Оның ішінде, 6 ана «Алтын алқа», 15 ана «Күміс алқа» төсбелгісін алды. Іс-шара барысында аудан әкімі көпбалалы аналардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне жоғары баға беріп, мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға және аналарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.
Іс-шара барысында марапат иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді. Мәдениет саласының қызметкерлері мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, бүгінде Келес ауданында 5 446 «Батыр ана» тұрады.
Көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында ауданда түрлі әлеуметтік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар отбасылардың әл-ауқатын арттырумен қатар, ана мен балаға қолайлы жағдай қалыптастыруға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Осындай марапаттар аналардың қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі саналады. Аудан көлемінде өнегелі аналардың тәжірибесін насихаттау және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.









