Шағын және орта бизнес — экономиканың ең серпінді бөлігі. Ордабасы өңірінде бұл салаға ерекше назар аударылып келеді. Себебі шағын кәсіпкерлік — жұмыс орындарының 70 пайызы, жергілікті экономиканың тірегі және халықтың табыс көзі.
Қазіргі таңда өңірде 14 730 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар 20 663 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл — бір аудан үшін өте жоғары көрсеткіш. Ең бастысы — кәсіпкерлердің белсенділігі артып келеді.
2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында кәсіпкерлер 98,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,2 пайызға көп. Мұндай өсім — бизнеске жасалған қолдаудың нәтижесі.
«Ұлттық жоба» аясында 822 млн теңге қарастырылып, 16 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сауда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер субсидия мен кепілдеме алып, жаңа жабдықтар сатып алды, бизнесін кеңейтті.
Кәсіпкерлердің ең үлкен жетістігі — өндіріс саласына бет бұра бастағаны. Бұрын негізінен сауда-саттық басым болса, қазір тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, азық-түлік өндірісі қарқын алып келеді.
Әлеуметтік дүкен жобасы да өңір үшін маңызды. Халыққа төмен бағамен өнім сату — әлеуметтік жауапкершілік. Бұл дүкенде жергілікті өндірушілердің тауарлары мен «Тұрақтандыру қорынан» жеткізілетін өнімдер сатылады.
Шағын және орта бизнес — аймақтың экономикалық тұрақтылығының кепілі. Кәсіпкерлердің қолына нақты қолдау беру, инфрақұрылымды жақсарту, оқыту бағдарламаларын күшейту — өңірдің экономикалық даму қарқынын одан әрі арттыра береді.


