Мемлекет басшысы 2023 жылғы 9 мамырдағы құттықтау сөзінде: «Соғыс туралы естелік тек ерлік туралы әңгіме ғана емес, сонымен бірге халықтың керемет табандылығының үлгісі. Жас ұрпақ Жеңістің қандай бағамен келгенін және оның болашаққа қандай жауапкершілік жүктейтінін түсінуі маңызды» — деген болатын. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ерлік пен батылдықтың үлгісіне айналған ардагерлерге бірқатар қолдау көрсетілмек.
Атап айтар болсақ, 2025 жылы Қазақстан ардагерлерге төлемдерді 17 млрд теңгеге дейін арттырады. Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санаттарына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан ҰОС ардагерлері – 16 АЕК көлемінде, ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК мөлшерінде, ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК, сондай-ақ, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан тәжік-ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған әскери қызметшілер – 4,8 АЕК көлемінде қаржылай қолдау ала алады. Сонымн қатар, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 2,13 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.