Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.
Облыс орталығында жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 млрд.теңгеге жетіп, өсім 9,5%-ды құрады.
Инвестиция тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймағында 7 га жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылмақ. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта 11 жобаның негізі қалануда. Бүгінде мұнда 39 жоба орналасып, 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қамтылу көрсеткіші 36 пайызға жетті.
Қазіргі таңда қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның (11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысанның құрылысы басталуда) құрылысы жүргізілуде. Қосымша 3 нысанның ЖСҚ-сы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамтылғандар үлесі 72%-ды құрайды.
Түркістанның даму барысын жан-жақты талқылай келе Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісін жетілдіруді, инфрақұрылым жүйесін жақсарту бағытында жоспарды нақтылап, жұмысты ширатуды тапсырды.