Интернет арқылы қайыр сұрау көбеюде. Бұл жерде алаяқтар интернетте, әлеуметтік желілерде танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Өздері сол қорлардың сайтының не аккаунтының тура көшірмесін жасайды. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Тек, реквизит нөмірлері ғана басқаша болады. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан, қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс.
Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде ауыр дертке шалдыққан бөтен баланың суретін жариялап: «Менің балам еді, қатты науқас, көмек беріңіздер», деп пайда табатындар көбейіп кетті. Бұл да осы санаттағы алаяқтыққа жатады емес пе? Иә, бұл да алаяқтықтың бір түрі. Әлеуметтік желілерде мұндай жағдайлар көптеп кездесіп жатады.
Ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін не істеу керек? Жоғарыда интернет-дүкендер жайлы айтып өттік. Әрине, интернетте керемет тауарлардың жарнамаланып жатқанын көргенде, қай-қайсысымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады. Осы жерде тағы айта кететін маңызды нәрсе – әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады. Одан кейін естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық.
Интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдарға қандай жаза түрлері қарастырылған? Мұндай қылмыс түрін жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал егер аса ірі мөлшерде жасаған болса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Интернет-алаяқтарға алданып қалған азаматтардың ең бірінші әрекеті қандай болуы керек? Ондай кезде алаяқпен ұрысып-керіспей, онымен байланысты мейлінше созуға тырысу керек. Мысалы, ол сізден тағы ақша сұрап жатса, ал сіз оның алаяқ екенін білген болсаңыз: «Қазір менде ақша жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?», деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн. Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтердің бәрі біздің алаяқты табуымызға көмектеседі.