Өзін өзі саналы түрде, әдейі өмірден айыру ғылыми тілде суицид деп аталады. Бұл әрекет өз бетінше және ерікті түрде жүзеге асырылады. Дегенмен де басқа түрлері кездеседі, атап айтқанда, қатты ауру кезінде басқа адамның көмектесуімен және деструктивті діни секта өкілдерінің жаппай өзін-өзі өлтіруі. Суицидтің тағы басқа себептеріне соматикалық және психикалық аурулар, өткір және созылмалы психо-травматикалық жағдайлар, өзін-өзі айыптау, ар-намысты сақтау қажеттілігі, соттаудан қорқу, пұтқа еліктеу және тағы басқа болуы мүмкін.
Жасөспірімдердің суициді, суицидтік мінез-құлықтың себептері мен алдын-алу сияқты мәселелер бүкіл әлемде өткір проблема. Орта мектеп жасы әдетте жасөспірім шақ деп аталады және адам өмірінің бұл кезеңі өте күрделі, мазмұнды және көбінесе осы жастағы адамның өзі үшін де, оның айналасындағылар үшін де шешуші кезең. Өйткені жасөспірім кезеңде балалар өте осал, олар басқа адамдардың сөздері мен әрекеттерін тез көңілге алып, өзінің іс-әрекетіне жіті мән бермей, асығыс шешім қабылдауы мүмкін.
Өз-өзіне қасақана қол жұмсап, өмірін қию аутоагрессияның ең соңғы белгісі. Аутоагрессия – мінез-құлықтың бір түрі. Жасөспірім балалар айналада болып жатқан оқиғаларды өзіне агрессивті түрде қабылдап, бәріне өзін кінәлі санайды. Өз кезегінде бұл өзін-өзі айыптау, өзін-өзі зақымдау (парасицидтік мінез-құлық), өзін-өзі қорлау, депрессиялық және суицидтік ойлар мен әрекеттерден көрінеді.
Мінезінің ауырлығын, эмоционалды дағдарыстың тереңдігін дер кезінде түсініп, алдынала іс-шаралар жасау, үлкен мәселенің алдын алады. Жасөспірімнің болмашы нәрсеге ренжуі, шағымданғыш болуы, кез-келген мәселеде өзін-өзі кінәлауын байқаған тұста елеусіз қалдыруға болмайды.