Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов өңір халқына кәмелетке толмаған қызды зорлау фактісіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі zakon.kz порталына сілтеме жасаған 4tagan.kz.
Түркістан облысының бас полицейінің айтуынша, әлеуметтік желіде 24 сәуірде Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар ауылында болған оқиға туралы жалған ақпарат тарауда.
«Осыған байланысты мынаны хабарлаймыз: 24 сәуірде кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сараптама тағайындалды және қылмыстық іс сотқа жолданады».Мұрат Қабденов
Сонымен қатар, ол 25 сәуірде полицияға бөтеннің мүлкін өртеу туралы хабарламалары түскенін нақтылады.
«Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Бөтеннің мүлкін өртеу фактісіне қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Аталған жайттар бойынша нақты ақпарат оқиға болған күні полиция департаментінің ресми парақшаларында жарияланды. Қазіргі уақытта Зағамбар ауылында жағдай тұрақты, облыс әкімі және барлық мемлекеттік органдар басшыларының төрағалығымен ауыл тұрғындарына жиын өткізіліп тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, заң шеңберінде шешім қабылданатыны ескертілді», — деді ол.
«Қазіргі таңда жалған ақпарат таратқан бірқатар автор анықталды, оларға қатысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қабылдануда. Барша азаматтарға ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сену қажет! Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертемін».