Заң шеңберінен тыс ақпараттар орналастырылған контенттің жұмысын шектеу немесе тоқтату «Байланыс туралы» ҚР Заңының 41-1-бабына сәйкес жүргізіледі.
Сондай-ақ онлайн-платформалардың иелері жалған ақпарат пен салық төлеуден жалтарумен күресте мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндетті болады. Онлайн-платформаның меншік иесі я болмаса заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті. Интернеттегі жарнамаға қойылатын талаптарға келетін болсақ, оларға сәйкестендіру және таңбалану талабы қойылады. “Онлайн-жарнама уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен таңбаланады.
Онлайн-жарнаманы орналастыру және тарату «Жарнама туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Онлайн-платформа пайдаланушыларды мәтіндік және графикалық, болмаса өзге де белгілердің көмегімен мақсатты онлайн-жарнаманы сәйкестендіруі тиіс», – делінген заң мәтінінде. Таргеттелген онлайн-жарнамада оның жарнама екенін көрсететін арнайы белгілері көрсетілуі қажет. Жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нәсілдік немесе ұлттық тиістілік, саяси көзқарастар, биометриялық немесе дербес деректер, пайдаланушының денсаулық жағдайы туралы ақпарат негізінде профайлинг жасауға тыйым салынады.
Сондай-ақ Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізілді. Ол онлайн-платформалар арқылы жалған ақпаратты тарату үшін жауапкершілікті көздейді. Мәселен, 20 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылады (69 000 теңге). Егер бір жыл ішінде адам жалған ақпарат тарату фактісіне қайта жол берсе, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынынады немесе 40 АЕК (138 000 теңге) айыппұл төлеуі тиіс.