2021 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиасауаттылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастырды. Аталған ведомствоның мәліметінше, сайт Қазақстанның ақпараттық алаңында таралған 900-ге жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды.
Жалпы сайт 2020 жылдың шілдесінен бастап қазақ және орыс тілдерінде 2000-ға жуық фейк ақпаратты анықтады. Атап айтсақ, StopFake жұмысының нәтижесінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақытылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Сонымен қоса әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторингі жүргізілді.
Бұдан бөлек аталған порталда сараптамалық сұхбаттар да жарияланып, онда белгілі бір хабарламалар ғылыми тұрғыдан түсіндірілді.
Stopfake.kz жобасы «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады.
Бұдан басқа елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck.kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статитика тексеріледі, сонымен қатар елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.