Түркістан облысында түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны артып келеді. Сондай жанның бірі, Кентау қаласының тұрғыны Абсаттар Маназаров сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-бен 5 млн теңге несие алған. Қаржысына 10 сиыр сатып алған.
Абсаттар кәсіптің бұл түрімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде 15 сиырдан күніне 30-35 литр сүт сауып, қала тұрғындарына тасымалдап отыр. Шаруа екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бола тұра, еңбек қана адамды алға жетелейтінін айтады.
Ал, тігінші кентаулық ана Динара Есіркепова қыз жасауын тігеді. Одан бөлек, түрлі оюлы, сәнді сәукеле, тойбастар және заманауи көрпе-жастықтарға тапсырыс алады.
Динара Жанғалиқызы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, жаңа бизнес идеясын іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге грантын жеңіп алып, қажетті құралдар мен тігін машинасын сатып алған.
Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда жанына жақын сала осы тігінішілік болғандықтан, арнайы білім алып, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алған.
Отбасында үлгілі келін, 4 бала, 1 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Бес жылдан бері қолға алған кәсібіне сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта, жанына көмекшілерді көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында тұратын ұстаз аяқ киім тігіп, 150 мың теңгеге жауық табыс тауып отыр.
Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауыл мектебінің көркем еңбек пәнінің оқытушысы Тамара Қорғанбайқызы ұстаздықпен қатар аяқ киім тігіп, жүннен қабырға суреттерін тоқиды.
Қолөнер шебері қойдың қырқылған жүнінен шұлық-қолғап тоқумен айналысқан. Жүннен қабырға суреттерін жасауды қолға алған ұстаз кәсібін шәкіртеріне үйретіп келеді. Жасаған өнімдері аудандық-облыстық байқауларда жүлделі орындар алған.
— Ниет болса кез-келген адам қолөнерді үйреніп, кәсіп ашуға мүмкіндігі бар. Алғашқыда жүннен шұлық-қолғап тоқыдым. Кейін аяқ-киім тігуді үйреніп, үйімдегі балаларыма жасап көрдім. Туыстарым мен ауылдастарым көріп тапсырыс бере бастады. Синтетикалық қоспасы жоқ, денсаулыққа пайдалы әрі терлетпейтін жылы, ауа өткізгіш үй аяқ киімдеріне сұраныс арта түсті. Тапсырыс көптеп түскенде үлгере алмай қалатын кездер болады. Бір адамның аяқ киімін тоқуға 4 сағат уақытым кетеді. Екі қызым дайын болған өнімді әрлеумен айналысады. Қызығушылық танытқандар келіп, сапасын көріп саудаласпай алып жатыр. Еңбегіме қарай қосымша айына 150 мың теңге табыс тауып отырмын, — дейді шебер.