Биыл алты жүзден астам жасқа жеңілдетілген жолмен шағын несие беру жоспарланып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне қарағанда, өткен жылы беріле бастаған 2,5 пайыздық несие биыл 621 адамға берілмек.
Жобаларды қаржыландыруға 3,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. 2023 жылы түркістандық жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға 2,9 млрд. теңге бөлініп, өз кәсібін ашуға ниетті 1 мыңға жуық үміткерден өтініш келіп түскен болатын. Облыс әкімінің қаулысымен құрылған конкурстық комиссияда бизнес-идеялар қаралды.
Нәтижесінде өткен жылы 625 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат толығымен игерілді. Жеңілдетілген шағын несие алып, кәсібін бастаған жастардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығы, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, көлік және құрылыс салаларын қамтыды.
Айта кетейік, былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – жастардың кәсіп бастауына немесе оны кеңейтуіне, табыс көзін арттыруына қолдау көрсету. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығы жобалары үшін мерзімі 7 жылды, бизнестің басқа түрлеріне 5 жылды құрайтын 5 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Микрокредитті алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріліп, мерзім ұзақтығы 3/1-ден аспайды.
Жобаны жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжаттар қабылдайтынын айта кетейік. Түркістан облысының Жастар ресурстық орталықтары бағдарламаның тиімділігін насихаттау мақсатында ауыл-ауылдарды аралап, NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын биыл да жалғастырмақ. Осылайша жұмыссыздықты азайтуға ықпал жасайтын бағдарлама биыл да жалғасатын болады.
А.ЖАЙЫМБЕТОВ