“Аудан бойынша таза ауыз су 24 сағат тұрақты берілуі керек», деді Сауран ауданының әкімі, Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен ауданның апталық мәжіліс жиынында. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Онда «Сауран Су» мекемесінің 2023 жылғы атқарылған жұмыстары туралы мекеме басшысы Мұхит Пірімбетов, дербес бөлімдердің нақтылауға ұсынған бюджеттік өтінімдері туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндап өтті. Сонымен қатар, елді мекендерде тұрғындардың табиғи газға қосылу жұмыстарының барысы туралы мекеме басшысы Кенжебай Жақсылықов, күзгі дала жұмыстары туралы бөлім басшысы Сәкен Оразбаев, Түркістан облысы әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы бойынша ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің басшысы Роллан Темірханұлы хабарлап өтті.
Алдымен «Сауран Су» мекемесінің 2023 жылғы атқарылған жұмыстары тыңдалды. Бүгінгі таңға 12 ауылдық округіне қарасты 31 елді мекенде барлығы – 13759 абонентке ауыз су жүйесі жүргізілген. Нақты ауыз су пайдаланушылар саны – 8944, ауыз судан бас тартқандар саны – 4370 абонентті құраған. Бөлім басшысының мәлімдеуінше ауыз су пайдаланушылар санын арттыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бұл мәселеде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауданға қарасты барлық 12 ауылдық округтеріндегі елді-мекендер таза ауыз сумен 24 сағат тұрақты түрде қамтылуына тоқталып, ауыл әкімдерінен жеке дара сұрап шешу жолдарын қарастыруды талап етті.
Бұдан соң Сауран ауданы бойынша жалпы — 33 елді мекеннің 11 елді мекеніне табиғи газ құбыры жүргізілген. Аудан бойынша жалпы абонент саны – 15318. Халық саны — 106231 адам. Оның ішінде 7905 абонент табиғи газ құбырына қосылған. 7413 абонент тұрмыстық газ пайдаланушылар қатарында. Атқарылған жұмыстардың нәтежиесінде жалпы 3142 абоненттің 1074 абонентіне монтаждау жұмыстары жүргізілсе, 465 абонент табиғи газға қосылып, 609 абонент табиғи газ құбырына қосылу үшін тиісті мекемеге құжаттары өткізілгені айтылды.
Күн тәртібіндегі қаралған барлық мәселелерді назарға алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз дәрежесінде жұмыс жүргізбеген бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерін түйреп алды. Берілген көрсеткіштер бойынша тиісті жұмыс атқармаған ауылдық округ әкімдеріне нақты шара қабылданатынын жеткізіп, орындалуы бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.