Ұлттық мұрамызды елге таныту жалпы әлемдік мәдени құндылықтар контексінде жүргізіледі. Сонымен қатар көшпелі қазақтардың тас ғасырынан бүгінгі күнге дейінгі адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді. Қазіргі заманға дейінгі тарихымызда назар аударта кететін тағы бір өңір – Түркістан аймағы. Талай дәуірден бері рухани астана атанған аймақтың ел мәдениетіне қосқан үлесі шексіз. Өйткені онда ғасырлардан сыр шертетін ауқымды ескерткіштер орналасқан. Бүгін біз Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы Археология институтының Ежелгі дәуір және орта ғасырлар бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова мен тарих ғылымдарының кандитаты, археолог Ерболат Смағұловтың еңбектеріне көз жүгірттік. Аталған зерттеу еңбегін пайдалана отырып, Түркістан оазисіндегі мәдени ескерткіштер туралы сыр шертпекпіз.
Ұлы ортаазиялық Сырдария өзені бойында тізбектеле орналасқан қала мәдениеті жазираларының (оазис) арасында Түркістан оазисі орталық орынды алады. Сірә, тек географиялық мағынада ғана емес. Оазис аумағы өзен алқабы мен Қаратау жотасының оңтүстік етегі арасында шамамен 1800 км2-ге есептеліп отыр. Қоныстандыру мен отырықшы шаруашылық нысандарын жүргізу үшін неғұрлым қолайлы аймақтарда ертеден бастап өз иерархиясы бар елдімекендер жүйесі қалыптаса бастайды. Ертедегі тұрақты қоныстардың пайда болуы мен дамуының негізгі факторлары – орналасудың ыңғайлылығы, егіндік өсіруге жарамды су және жер бөліктерімен қамтамасыз етілуі, жайылымдар мен егістіктерді пайдалану болып табылады. Уақыт өте келе факторлардың тұтас кешені әсерінен қоныстар арасында оның ерекше мәртебесі мен жедел өсуін қамтамасыз ететін қосымша функцияларды өзіне тұтастырған қоныстардың бірі бөлініп шыға бастады. Қазақстанның оңтүстігінде Сырдария маңындағы аймақта осындай ынталандыру факторларының бірі қоныстардың қатынас жолдарында орналасуының арқасында өңіраралық саудаға қатыса алуы болды. Орта ғасырларда Жібек жолы ретінде танымал болған сауда жолының Сырдария маңындағы бөлігі Шаш/Ташкен – Тарбанд/Отырар – Түркістан/Шауғар – Сауран – Сығанақ және т.б. сияқты шағын оазистердің орталығына айналған белгілі қалалар арқылы өтті.
Ондаған үлкен және шағын қалалар мен қоныстардың әрқайсысы елдің жалпы тарихының бөлшегіне айналған өзінің жеке тағдырын бастан кешірді. Бұл ретте, олардың материалдық мәдениетінің тарихы қазақ ортағасырлық мәдениетінің қалалық, отырықшы-егіншілік компонентін жан-жақты сипаттайды. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жүргізген Түркістан археологиялық экспедициясы еткен ғасырдың 90-шы жылдарында оазиске жаппай зерттеу жүргізіп, мұнда елуден астам әртүрлі ауқымдағы отырықшы және қалалық мәдениет ескерткіштерінің бар екенін анықтады. Олардың ішінде ең маңыздысы ретінде ортағасырлық Түркістан және Сауран қалаларының ескерткіштері ерекшеленді.
Түркістан қаласы өз Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірге жергілікті және халықаралық туризм үшін «Меккеге» айналғаны белгілі. Ал, Түркістанның көне цитаделі — бұл сақталуы мен маңыздылығы бойынша бірегей сәулет-фортификациялық ескерткіш, Қазақстанның ежелгі қалаларындағы жасы бойынша сәйкес сәулет құрылыстары әлі белгісіз. Ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жақын 300 метр жерде, яғни «Қазақстанның рухани астанасы» қасиетті жүрегінде орналасқан.
Ортағасырлық жазба деректер мен жергілікті халық аңыздарына сәйкес, қазіргі Түркістан қаласы ортағасырда Ясы/Йассының шағын қалашығы болған, бүгінде оның қираған жұқанасы Күлтөбе төбесінде орналасқан. Мұнда соңғы жылдары Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы археологиялық институтының Түркістан археологиялық экспедициясы ежелгі Ясы цитаделінің саулет кешені құрылысын зерттеді. Сәулет құрылымдарының бірегей сақталуы (биіктігі 3,5 метрге дейін) бүкіл кешеннің жоспарын қайта қалпына келтіруге ғана емес, ежелгі сәулет тарихының мәселелерін зерттеуге де мүмкіндік береді. Мұнда цитадельдің бекінісі ашылған. Оның бірқатар құрылыс кезеңдерін бастан кешкені анықталды. Ал, негізінде биік, крест пішінді екі-үш қабатты мұнара/донжон түрінде болған.
Ежелгі цитадельдің бірегей сәулет кешені ежелгі Түркістан дамуының бастапқы кезеңінің түрлі уақыттағы және әртүрлі функционалды құрылыстарынан тұрды. Мұнда ежелгі қалалық цитадельді қоршаған бекініс қабырғалары (б. з. I-II ғасырында) анықталды, оның мерзімі бойынша деректер алынды. Екінші кезеңдегі ғимараттардың едендерінен табылған б. з. ІІ ғасырының ортасына жататын қола кушан тиындары құрылыстың ерте кезеңін мерзімдеуге және цитадельдің б.з.д. ІІ ғ.-б.з. II ғ. ауқымында қызмет істегенін анықтауға мүмкіндік береді. Тиындар Кушан империясының хан/императорлары атынан шекiмеленген, олар дәуірлер аралығында Орта Азия, Ауғаныстан, Иран мен Үндістанның жартысына таралды… Оның билеушілері Қаңлы династиясы патшаларына туыс болды. Кейбір ғұрыптық белгілердің табылымдары ежелгі құрылыстың қызметіндегі ғұрыптық екпін туралы анық айтады.
Ашық көне сәулет құрылыстарында ежелгі Ясы өмірінің ғұрыптық, салт-дәстүр жағынан хабар беретін олжалар кешені табылды, оның өмір сүруінің келесі кезеңімен мерзiмделетін қыш пен басқа да жәдігерлердің маңызды кешені жинақталды (б.з. II—V ғғ.).
Шауғар қаласы ерте араб-парсы дереккөздері бойынша облыстың астанасы деп аталған, оның орталығы кейіннен Түркістан қаласы болады. Шойтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарынан алынған археологиялық олжалар осы қалашықтың орнында IX-XIV ғасырлардағы маңызды қала болғанын көрсетеді. Бірқатар белгілер бұл қаланың өңірдегі басты мәдени және саяси орталық болуы әбден мүмкін екенін айта алады.
IX ғасырдың соңынан бастап Шауғар аймағы саманид әулетінің құрамына нақты қосылғандығы белгілі. Жазбаша дереккөздерде (Әл-Истахри) саманид билеушісі Наср ибн Ахмадтың (864-882 жж.) Шауғарға үлкен әскермен жорыққа барғандығы туралы хабарлайды. Ол Сауран, Сүткент пен Шауғарға дейін жетті. Шауғар өңірінде олар бірнеше мың түркілерді өлтірді. Әл-Истахри: «Мәуереннахрдың барлық шекараларында – Хорезмнен Испиджаб маңына дейінгі түркілер оғыздармен, Испиджабтан бастап Ферғананың алыс жерлеріне дейін – түркілер-қарлұқтармен әскери іс-қимыл жүргізді» деп атап көрсеткен. Саманидтер кезінде Шауғар Испиджаб аймағына кірді. Ол жергілікті түркі династиясымен басқарылды және xарадж төлеуден босатылу сияқты бірқатар маңызды артықшылықтарға ие болды. Саманидтер үшін Испиджаб Жетісу қарлұқтарын тежейтін солтүстік-шығыс шекарасындағы маңызды алдыңғы шеп және Әл-Макдисидің айтуынша, «даңқты шекара бекінісі мен сенім үшін соғыс орны» болған. Сондықтан да мүмкін, Испиджабтың иесі саманидтер сарайына – 1/6 дирхемге тең ұсақ тиын мен сыпырғышты символдық төлем ретінде жіберіп отырды.
IX-XI ғғ. Шауғар қаласының ең жоғары гүлдену уақыты болды. Ол егіншілік және көшпелі мәдениеттердің жанасу аймағында орналасқан, бұл оның тез өсуіне және ірі қолөнер мен сауда орталығына айналуына ықпал етті. X ғасырдың аяғында Әл-Мақдиси Шауғарды былай деп сипаттаған: «Шауғар — кең аймақты үлкен қала, оның айналасы қабырғамен қоршалған. Базардың шетінде мешіт бар. Ол үлкен жолдан алыс орналасқан».
Шауғар сырдариялық қалаларды Орта Азия мен Хорезмнің егіншілік оазистерімен байланыстыратын сауда жолында орналасқан. Бұл жол Испиджабтағы Жібек жолының («үлкен жол») тармағы ретінде басталып, Арсубаникетке (Арыс қаласындағы Жуантөбе қалашығы) солтүстік-батысқа, ол жақтан Кедерге (Отырар оазисі), содан кейін Шауғар, Сауран, Сығанаққа қарай жүрді… Сығанақ ауданында Сырдарияның сол жағалауына өтетін өткел болды және әрі қарай жол Жент, Жанкент (Сырдарияның төменгі жағы) қаласына, ал Қуаңдария арнасының бойымен Хорезмге жүрді. Саманидтер мемлекеті құлағаннан кейін олардың иеліктері Әмудария өзені бойынша шекарамен қараханидтер мен газневидтердің арасында бөлінді. Қараханид мемлекетіне (942-1212 жылдары) Сырдария бассейнінде, Шауғар, Испиджаб, Жетісу, Шығыс Түркістан аймағында орналасқан жерлер кірді. X ғасырдың аяғы – XII ғасырдың басында Шауғар Қараханидтердің бір үлесінің құрамына кіргені ықтимал.