Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, «Ерікті деген кім?», «Елімізде еріктілік қаншалықты дамыған?» және «Еріктілер қандай қызмет атқарады?» деген секілді сұрақтардың туындауы заңдылық.
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» деген сөзінен шыққан. Яғни өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Бастысы – таза ниетпен қолдан келетін іспен көмектесу. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтармен немесе жеке де айналысуға болады. Мұндай қызмет түрлерінің аясы өте кең. Мысалы әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық, қайырымдылық секілді көптеген түрі бар.
Ия, бүгінде аты аудан көлемінде танымал «Елге — қызмет, ерге — міндет» еріктілерден жиналған белсенді топтың басшысы Ұлан Сапарұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Алғашқы сұрағымыз сол қайырымдылық шараның о баста қалай басталғандығы жайында болды.
— 2021 жылы «1-қазан Қарттар күніне» орай Шымкент қаласындағы «Қарттар үйіне» ауыл жастары атынан 3 жігіт барып, сондағы қарттарға сый-сияпат жасап, концерттік бағларлама ұйымдастырдық. Мұндай шараны облыстағы ешбір ауданның жасамағандығын айтып, қарттардың көңілі бір шаттанғанын аңғардық. Осылай біздің ең алғашқы қайырымдылық ісіміз бастау алған болатын. Осылайша, 2022 жылдың сәуір айындағы «Қадір түні» 10 мұқтаж отбасыға сый жасауды жөн көрдік. Ойлаған ойымызды іске асыру үшін «Күшіміз бірлікте!» деген атпен «ватсап» әлеуметтік желіден топ ашып, бұл бастама белсенді жастардың тарапынан бірауыздан қолдау тауып, қомақты қаражат жиналды. Ойлаған ойымыз ойдағыдай шыққан соң, бұл ісіміздің одан әрі тоқтап қалмауын да ойластырдық.
Сол жылы Қазығұрт ауданында су тасқыны болып, ауданнан барған ерікті 10 жігіт екі үйдің ауласын лайдан тазалап бердік. Алапат «тілсіз жау» — өрт Абай мен Қостанай облыстарында болғанда, аудан жастары ол кезде де ұйымшылдық танытып, екі облысқа ауданның атынан «жылу» жинап, арнайы жүк көлігімен жөнелттік.
Жастардың «қайырымдылық жасауға» деген ынтасын көріп, шабыттандық. Біз, тек Қазақстан ғана емес бауырлас Түркия елінде болған зілзалаға да өз үлесімізді қостық.
Еріктілер санының көбейгені қуантарлық жағдай. Аудан ішінде көмек көрсету шарасын кеңейту мақсатында топтың атын өзгерту ұсынылып, ортадан «Елге – қызмет, ерге – міндет» деген атқа ауыстырылды. Осылайша жаңа есіммен «Харекет» қорын ауданға тартып, қажетті 5 отбасының ішінен біреуіне баспана алып беруге себепші болдық. Ал, ауыл жастары әлгі жанның қоныс тойын тойлауын өз міндетімізге алып, алғашқы баспананы иесіне осылай тапсырдық. Бұл іс-шара бізге үлкен сабақ болды десек қателеспеймін, өйткені осыдан кейін аудан жастары жиналып, тағы да мұқтаж жандарға баспана алуды ойластырдық. 2022-2023 жылдары аралығында «Харекет», «Асар Уме», «Ырысты армия», «Мейірім бағы» сынды қайырымдылық қорларымен бірлесе отырып, 23 баспана, ал, ауданымыздың атқамінер азаматтарының атсалысуымен тағы да 2 баспана табысталды. Бүгінгі күнге дейін жалпы 25 отбасы баспаналы болды.
Ерікті жастардың алға қойған мақсаты бар: қайырымдылық, денсаулық, спорт, өнер, білім салалары бойынша да өткізілген көптеген іс-шаралардан қалмай, демеушілік танытып келеміз. Сонымен қатар, аудандық мешітпен бірлесе отырып, діни мерекелер мен діни іс-шаралардың өтуіне атсалысып, ол жерде де ұдайы демеушілік жасап келеміз. Жекелей тоқталар болсам, денсаулық саласы бойынша — үлкен қаражат талап ететін бірнеше оталарға демеушілік жасауды, спорт саласы бойынша — жүлделі орын алған аудан жастары мен мектеп оқушыларына сый-сияпат жасау мен оларды ел шетінде күтіп алу шараларын, өнер саласы бойынша өнерімен танылған оқушылар мен жастарға арнайы «Алғыс хат» пен сый сияпат жасауды, білім саласы бойынша — «Абай тану», «Мұқағали тану» сынды түрлі білім сайыстарына демеушілік көрсетуді үзбей жалғастырып келеміз.
— Алдағы жоспарыңыз қандай, арманыңыз не?
— Армансыз адам болмайды. Ауданымызда қайырымдылық іс-шараларын көбірек ұйымдастырып, ол шараға аудан басшылығының да қатысқанын қалаған болар едім. Сондай-ақ, жетім-жесірлер мен үйсіз азаматтардың аудан көлемінде болмауы — менің басты арманым. Ауданымызды «мұхтажсыз аудан» деген атқа жеткізу. Осы бағытта қайырымдылық шаралардан бөлек, «Жылына бір баспана» деген бағытты қостық. Ол үшін ауданның белсенді 300 азаматы жылына бір рет баспана үшін 20 мыңнан жинаса дұрыс болар еді.
«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген даналық сөз бар, осыны әрдайым есімнен шығармаймын. Себебі, өзің өзгермей, әлемді өзгерту мүмкін емес.
Ал, алдағы жоспарға келетін болсақ, аудан бойынша (ауылдардан) әлеуметтік желіден «ватсаптан» топ ашып, осы іске басқа да қайырымды жандардың атсалысуын қамтамасыз ету. Алла қаласа оған да жетерміз. Қазіргі таңда, аудандағы 52 ауылдың 15-інде бұл бастама қолдау тауып отыр.
Әңгімелескен
Е.МЕҢЛІБАЕВ.